«Жаңа ғасыр» театры Түркістанда өнер көрсетті

0
853

«Соңғы қоңырау», «Жарқанат», «Тағдыр тақтасы» спектаклін көрсетті.


«Жаңа ғасыр» театры Түркістанда өнер көрсетті

«Жаңа ғасыр» театры Түркістан төрінде көрерменге шабыт сыйлады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Биыл «Қазақстанның Еңбек Ері», қазақтың ұлы актері Асанәлі Әшімов 85 жасқа толып отыр. Айтулы мерейтой құрметіне Түркістан қаласына Алматыдан «Жаңа ғасыр» театры 2 күндік гастрольдік сапарымен келіп, 3 қойылымды көрермен назарына ұсынды. Алдымен жұртшылыққа өнер қайраткерінің өнер жолынан сыр шертетін фотокөрме ұйымдастырылды. Асанәлі Әшімовтің шәкірттерінен құралған жас театр ұжымы 27 сәуірде «Соңғы қоңырау», «Жарқанат» қойылымдарын ұсынса, бүгін «Тағдыр тақтасы» спектаклін көрсетті. Түркістан музыкалық драма театрында өткен әсерлі туындыны Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев арнайы келіп тамашалады.


Бұл драма – Алаштың тұлғасына айналған Асанәлі Әшімовтің шығармашылығы мен өміріне арналған. Өмірдің ащысын да тәттісін де тата жүріп, өнердің бақ пен сорын қатар артса да қайыспаған тұлғаның өзімен бірге, алдыңғы толқын ағалары, қазақтың маңдайына біткен қатарлас таланттары, достары, отбасы сахна төрінде көрерменмен сырласты. Қойылым барысында актердің жары, қос ұлы – Сағи мен Мәди, Әнуарбек Молдабеков, Райымбек Сейтметов және өзге де қазақтың маңдайалды өнер тұлғаларының бейнелері бар. Қойылымның авторы – Бақыт Беделхан. Әсерлі қойылымнан кейін сахна төріне көтерілген Асанәлі Әшімов өнерді жоғары бағалаған Түркістан жұртшылығына алғысын айтты.


«Өнер адамы – әрқашан халықпен бірге. Мен әулиелі елге келіп тұрмын. Түркістанда ұлы тұлғалардың құрметіне дұға еттім. Өткенге құрмет адамды тазартады. Адам таза болуы керек. Жүрегің бай болуы қажет. Қалтаң бай болып, жүрегің кедей болса, ол – сорлылық. Сахна адамды тазартады, жүрегін жұмсартады. Сыйлы болыңдар, адал болыңдар! Өсиетім – осы! Екі күнде үлкен қолдауға ие болып, елмен кездесіп, шабыт алдық», – деді А.Әшімов.


Ал, облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Асанәлі Әшімовтің қазақ өнері тарихындағы орны айрықша екенін айта келе, мерейтой иесіне сый-құрмет көрсетті.


«Түркістандағы театрымызға бүкіл елдің сүйікті актері Асанәлі ағамыздың шәкірттерімен келуі – үлкен оқиға және мәртебе. Мерейтойыңыз құтты болсын! Түркістан жұртшылығы атынан өзіңіз бастаған театр ұжымына шынайы алғысымды білдіремін», – деді облыс әкімі.


Айта кетсек, «Жаңа ғасыр» театры 2018 жылы Алматы қаласында құрылған. «Жаңа ғасыр» театрының әртістері – КСРО Халық әртісі, «Қазақстанның Еңбек Ері» А. Әшімовтың түлектері. Театрдың ашылу салтанаты 2019 жылы республика сарайында ресми түрде өтті.


Бүгінгі күні театр қоржынында 11 қойылым бар. Соның ішінде М.Әуезовтың «Қарагөз» трагедиясы, И.Штраустың «Жарқанат» комедиясы, С.Өтешев аударған И.Миччидің «Король Лев» музыкалық драмасы, Е.Ташкенбайдың «Соңғы қоңырау» поэтикалық драмасы, Н.Гогольдің «Вий» драмасы, Ф.Фицджеральдтің «Гэтсби» драмасы, К.Гольдонидің «Айлакер жесір» комедиясы, Р.Томның «Сегіз әйел – ол жалғыз» музыкалық спектаклі еліміздің сахналарында көрерменге ұсынылған.