Жетісай драма театры Өскеменнен үлкен әсермен оралды

0
2 646

Жетісай драма театры Өскемен қаласында өткізілген Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының лауреаты, актер, ақын Рүстем Есдаулетов атындағы кіші формадағы сахналағанған спектакльдердің ІІ Республикалық театр фестиваліне қатысып қайтты.


 Жетісай драма театры Өскеменнен үлкен әсермен оралды

ERNUR.KZ. Оңтүстік өңірі – тума таланттар мен хас шеберлердің туылар, тамырын тереңге жаяр киелі мекені. Мұнда өнер әлемінде өзіндік ойып алар орындары бар жарық жұлдыздардың дүиеге келуі – әрине мақтаныш.

Ел мәдениетін дамыту ісінде өзіндік үлестерін қосып жүрген көптеген өнер майталмандарын тәрбиелеп, қанатын қатайтып ұшырған киелі қара шаңырақ өнер ордасы – Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрының шығармашылық ұжымы 10-14-қараша аралығында Өскемен қаласында өткізілген Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының лауреаты, актер, ақын Рүстем Есдаулетов атындағы кіші формадағы сахналағанған спектакльдердің ІІ Республикалық театр фестиваліне қатысып қайтты.

Жалпы республикамыз аумағынан Астана қаласының Жастар театры, «С.Сейфуллин» атындағы Қарағанды облыстық драма театры, Солтүстік Қазақстан облыстық Қазақ сазды драма театры, Астанадағы «М.Горький» атындағы академиялық орыс драма театры секілді онға жуық саңлақ өнер ұжымдары қатысқан өнер додасына Жетісайлықтар Ш.Айтматовтың «Жәмилә» махаббат тарихын алып барған еді.
Шығыстың талғампаз көрермендері қойылымдағы Данияр (әртіс-Қ.Қасымбеков) мен Жәмиләнің (әртіс-Б.Қалдарбекова), сондай-ақ, Сейіттің (әртіс-С.Арипханов) арасындағы психологиялық сезімдерге толы көріністерге ризашылықпен қол соғып, ыстық ықыластарын білдірді. Қатпар-қатпар тарихы бар шығыс өңіріне өнер сапарымен барып, көпшіліктің қошеметіне бөленген Жетісай драма театрының әртістері үлкен шығармашылық әсерлермен оралғанын да айта кеткеніміз жөн.
- Мұндай фестивальдардың біз үшін берері көп, - деді Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрының директоры, ҚР мәдениет қайраткері Б.Сраилов, - өйткені, әртістеріміз осындай дүбірлі шығармашылық ортада шыңдалып өздеріне есеп береді, ой түйеді. Табыстары мен кемшіліктерін де сараптайды. Өнер додалары осынысымен де құнды. Жалпы біздің шығыс өлкесінен алған әсеріміз көп болды.
Сайыс соңында әділ қазылар алқасының шешімімен С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан Мемлекеттік университетінің ректоры, профессор М.Төлеген тағайындаған «Үміт» номинациясы Сейіт рөлі үшін Жетісай драма театрының талантты әртісі Сағитжан Арипхановқа берілді. Сондай-ақ, Мырзашөлдік өнер ұжымына Шығыс Қазақстан облысының әкімі Д.Ахметовтың Алғыс хаты да салтанатты түрде табысталды.