Жетісайда толассыз жауған жауыннан көпқабатты үйлер жерге батып барады

0
3 413

Жетісайда толассыз жауған жаңбырдан пәтерлердің едені 15 сантиметрге дейін шөгіп, кейбір пәтерлердің қабырғалары опырылған. Бүгінде пәтер тұрғындары үреймен күн кешіп отыр.


Жетісайда толассыз жауған жауыннан көпқабатты үйлер жерге батып барады

Жетісай қаласы, Амангелді көшесіндегі көп қабатты пәтер иелері апатты жағдайдағы пәтерлерін тастап көшіп кетуде деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Амангелді көшесінің бойында көп қабатты 7 үйде 140 пәтер бар. Бүгінде пәтер тұрғындары үреймен күн кешіп отыр. Оған себеп – сәуір айының соңғы күндерінде толассыз жауған жаңбырдан пәтерлерінің еденінің 15 сантиметрге дейін шөгуі. Тіпті, кейбір пәтерлердің қабырғалары опырылып, потолоктары түскен.

Көше тұрғындарының сөзінше мұндай жағдай 24-сәуір күні түнгі сағат 02:00-дер шамасында басталған. Таң атысымен іле-шала қала әкімдігіне өтініш жасаған тұрғындардың жанайқайы ескерусіз қалған. Жетісай қаласы әкімшілігі мен аудандық төтенше жағдайлар бөлімінен келген 4 маман жарылған қабырғаларды өлшеп, жазып алғаннан әріге бармаған. 140 пәтердің 15-ке жуығы осындай апатты жағдайда екен. Қалада туысы барлар пәтерлерін тастап, ағайын-туысты паналап кеткен көрінеді. Ал, туысы жоқтар апатты пәтерде тәуекелге бел буып күн кешіп келеді.

«Мен осы үйде 10 жылдан бері пәтер жалдап тұрамын. Жолдасым ІІ топ мүгедегі. Қазір Асықатада неврология бөлімінде ем қабылдап жатыр. Сәл күнде шығады. Ертең ауруханадан шыққан соң ол кісіні мына апатты үйге қалай әкелемін? Аудан, қала басшылары неге біздің мәселемізге көңіл бөлмейді» деген 6 перзенттің анасы Қарлығаш Дүкенова жергілікті биліктің немқұрайлылығына өкпелі.

Амангелді көшесі бойындағы апатты жағдайға душар болған көп қабатты тұрғын үйлерде оннан астам күміс алқа иегерлері мен аудан бойынша көзі тірі екі Ұлы Отан Соғысы ардагерінің бірі – Попов Петр тұрады екен.

Үйлері апатты жағдайда қалған көше тұрғындары дүйсенбі күні жиналып, аудан әкіміне барып, мәселелерін айтпақ.
Айта кетейік, бір ғана Жетісай қаласының өзінде 1965-жылы қолданысқа берілген осындай 150 көпқабатты ескі үй бар. Олардың қаншасы жауын-шашыннан зардап шеккені қазірше беймәлім.

Дүйсенбі күні тұрғындар әкімдікке бармақ. Бізде бұл мәселені жіті бақылауымызда ұстап, әкімдіктегі жауапты тұлғаларға сұрау салатын боламыз.