Түркістан-Жетісай. Қос бауыр бұл кәсіпті осыдан 10 жыл бұрын қолға алыпты. Мал бордақылаудың пайдасы көл-көсір болмаса да, бір әулетті асырауға жарап тұр дейді олар.
Жетісай ауданы Шаблан Ділдабеков ауыл округінде қара мал бордақылауда ағайынды Тугаловтарға тең келер ешкім жоқ, деп хабарлайды ERNUR.KZ аудан әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қос бауыр бұл кәсіпті осыдан 10 жыл бұрын қолға алыпты. Мал бордақылаудың пайдасы көл-көсір болмаса да, бір әулетті асырауға жарап тұр дейді олар. Мәселен, «Әділ» шаруа қожалығы жылына 60 шақты бұқа мен 150-ге жуық ұсақ мал бордақылайды екен. Асықата кентіндегі орталық базарда ет саудалайтын нүктесі де бар.
«Халықтың сұранысына сай жұмыс істейміз. Сайыпжан інім жылқы мен бұқа бордақыласа, мен ірі қара мал қошқар семіртемін. Жем-шөпті өзіміз әзірлейміз. Биыл 3 гектар жерді жалға алып, жоңышқа ектім. Қалған қажетті жем түрлерін базардан сатып әкелеміз. Жалпы айтқанда елді сапалы етпен қамтамасыз етіп отырмыз», - дейді Пардабай Тугалов.
Пардабайдың туған інісі Сайыпжан бүгінде қолда бар қос тракторын жер жырту ісіне қамдап жатыр екен. Иелігіндегі 4 гектар жерге мақта егіп, 20 центнерден ақ алтын жинапты. 40 шақты қара малы өнімі жиналған егістігінде жайылып жүр.
«Мал бордақылау оңай емес. Жемге қойылатын бұқаларды парлау үшін де қаржы қажет. Бір-екеуін бордақыласаңыз, аса көп пайда қалмайды. Сондықтан жемге қойылатын бұқалардың басын көп етіп, жемге қойған жөн. Сонда ғана пайдаға жұмыс істеуге болады. Келешегі қорамызды үлкейтіп, егістік жер көлемін де ұлғайтсақ деп отырмыз. Ол өз кезегінде бордақыланатын мал басын ұлғайтып, жем-шөппен қамтамасыз етуге жағдай тудырады», - дейді Сайыпжан Тугалов.
Рас, ауылда егістік жері мен мал қорасы бар болса тұра, барын ұқсата алмай отырғандар да аз емес. Тіпті иелігіндегі егістік жерлерді де жалға беріп қойып, бос жүрген қандастарымыздың да қатары азаймай отыр. Осы ретте ағайынды Тугаловтардың ісіне сүйсінбеске лажың жоқ.