​Жетісайлықтар «Еліміздің еркіндігі - Тәуелсіздік» мерекелік іс-шарасын тамашалады

0
1 735

Өнерпаздар сонау Жәнібек пен Керей хандардың заманынан 1986 жылға дейінгі қазақтың терең тарихын музыкалық, сахналық қойылыммен көрерменнің көз алдына әкелді. Мұнан соң сахнаға «Жетісай аудандық мәдениет үйі» өнерпаздары классикалық үлгідегі «Аққу» халықтық ән – би ансамблі «Тойбастар" көрінісін жұртшылық назарына ұсынды.


​Жетісайлықтар «Еліміздің еркіндігі - Тәуелсіздік» мерекелік іс-шарасын тамашалады

Бүгін Түркістан облысы Жетісай ауданында Қ. Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрында ел Тәуелсіздігінің 27 жылдығына орай «Еліміздің еркіндігі - Тәуелсіздік» атты мерекелік іс-шарасы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Шараға аудан әкімі Жамантай Бейсенбаев, Жетісай аудандық мәслихатының хатшысы Әлихан Утанов бастаған аудан активі, жоғары және арнаулы орта оқу орындарының студентері мен қала тұрғындары қатысты.
Мерекелік іс-шара Қ. Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрының «Тәуелсіздікке тағзым» атты қойылымымен бастау алды.
Мерейлі күнде аудан халқын мерекемен құттықтап, ізгі тілегін білдіру үшін сахнаға аудан әкімі Жамантай Бейсенбаев шықты.

«Баршаңызды ұлтымыздың ұлы мұраты болған Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Тәуелсіздік - құны жоқ құндылық, бағасы жоқ байлық. Азат әрі егемен болуды халқымыздың сан ұрпағы армандағаны тарихи шындық. Ата-бабамыз аңсаған бақ бүгінгі толқынға бұйырып, алдағы буынның үздіксіз мирасы болып жалғасып келеді. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қажыр-қайратымен құрылып, қуатты елге айналған Қазақстан бүгінде әлем мойындаған бейбітшілік сүйгіш, ымыралы ынтымағы жарасқан іргелі мемлекетке айналып отыр. Мемлекет басшысы ұстанып отырған салиқалы саясаттың түп негізі – тұрақтылық, тыныштық пен татулық. Осы құндылықтар бүгінгі Қазақ елін саяси-экономикалық жаңғыруға, рухани кемелденуге бастап келеді», - деді Жамантай Қанайұлы.

Айта кету керек, Тәуелсіздік алған жылдары қасиетті Мырзашөл жерінің жұртшылығы да талай биік белестерді бағындыра білді. Елбасының Жарлығымен жаңадан құрылған Жетісай ауданы да дамудың даңғыл жолына түсті. Биыл ауданда 127 мың тоннаға жуық шитті мақта жиналса, 400 мың тоннаға жуық бақша өнімдері алыс-жақын шетелдер мен еліміздің солтүстік облыстарына үздіксіз жөнелтіліп отырды. Еселі еңбектің нәтижесінде ауданымыздағы ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 51 млрд. теңгеге жетіп отыр. Осы аталған салалардың барлығында өткен жылғымен салыстырғанда өсім байқалады. Бұл жемісті жетістіктің барлығы мемлекеттік қолдаулар мен еңбекқор Жетісай жұртының еселі еңбегі.

Мереке барысында ауданның бірқатар азаматына ел Тәуелсіздігіне орай облыс, аудан басшыларының атынан төсбелгі мен Алғыс хаттар табыс етілді.
Шара мерекелік концерттік бағдарламаға ұласты.

Дереккөз: Жетісай ауданы әкімінің баспасөз қызметі
фото: Қ.Әуелбеков