Әр үй иесінің КҮЗДЕ жасайтын 7 ҚАТЕСІ

0
3 297

Қателесуден аулақ болыңыз!


Әр үй иесінің КҮЗДЕ жасайтын 7 ҚАТЕСІ

Күзде бау-бақша қазан болып, өнімді жинап алған соң, ол жақтағы жұмыстарды тез аяқтап, көктемге дейін "ұмытамыз". Алайда осындай кемшіліктің салдары көктемде білініп қалып жатады. Көктемгі бау-бақшадағы шаруаларды қысқарту үшін, күзгі мезгілде біршама жұмыстарды атқарып тастау керек. Ал біз күзде қандай маңызды жұмыстарды ұмытып кетпеу керектігі жөнінде кеңес береміз.


Жүйектерді арамшөптен тазартып тұруды тоқтатпау қажет

Жақсы өнім алу үшін жаз бойы ерінбей тазалаған жүйектерді, қажетті өнімді алған соң шөп құшағында қалдырып кетіп жатамыз. Алайда бұл дұрыс емес. Себебі дәл күзгі уақытта көптеген арамшөптер ұрық байлап, піседі. Ал олар жел мен жаңбыр салдарынан бүкіл бау-бақшаға тарап кетуі мүмкін. Бұл деген келесі жылға еселеген жұмыс.


Көпжылдық өсімдіктер қырқылмай қалмасын

Егер есік алдындағы гүлзар келесі жылы әдемі жайқалып тұруы үшін, көпжылдық өсімдіктерді қырқуды ұмытып кетпеген жөн. Бұл көктемде тамырдан қайта шығатын гүлдерге байланысты. Яғни олар ескі сабақтан емес, тамырдан жаңадан өскін шығарғандықтан, көктемде арасындағы қураған сабақтарды қырқу қиынға түседі. Сондықтан қураған өсімдіктерді қырқуды ұмытпау керек.


Бұталы өсімдіктерді уақытынан бұрын қырқып тастамау қажет

Өсімдіктерді қырқу, оларда жаңа өскіндердің пайда болуына алып келеді. Сондықтан бұталарды уақытынан бұрынырақ күн жылы кезде қырқып тастасаңыз, ол бойындағы бар күшін қысқа дайындалудың орнына жаңа өскін шығаруға жұмсап қояды. Сондықтан қырқуды бұтадағы жапырақтар түгелге жуық түсіп болғанда, бірақ алғашқы аязды күндер басталғанға дейін істеу керек.

Күзде негізінен өсімдіктерді қырқудың екі түрі жүргізіледі: санитарлық және қалыпқа келтіру (формирующая)

Санитарлық қырқу – бұл барлық қураған, сынған, ауырған бұталарды кесу жұмыстары.

Қалыпқа келтіріп қырқу (формирующая обрезка) – бұл бұталардың әдемі қалыпта болуы және өскіндердің тез шығуы үшін жасалады. Бірақ күзгі қалыпқа келтіріп қырқу жұмыстары тек жаздың аяғы мен күзде гүлдейтін гүлдер үшін жасалады. Ал ерте көктемде гүлдейтін гүлдерді жазда қырқып қою қажет.


Шіріген өнімдер жиналмай қалады

Өзімізге қажетті, әдемі піскен өнімдерді жинап алған соң, онша-мұнша шіріген, ауырғандары ағаш басында, жүйектерде жиналмай қалып қойып жатады. Солай жата берсе, олар келесі жылы жерге құнар береді деген қате ойдан аулақ болу керек. Шіріген өнімдер бау-бақшаның сәнін құртып қана қоймай, онда түрлі зиянкестердің пайда болуына себеп болады. Сондықтан бау-бақшаны күзде мұқият тазалап тастаған дұрыс.


Түбі пиязшық гүлдерді күзде отырғызып қою керек

Қыстан кейін көктемнің жаршысы ретінде ең бірінші кезекте жапырақ жаятын, қызғалдақ, нәркес (нарцис) секілді гүлдерді гүзде егіп тастау керек. Яғни, осы гүлдер наурыз-сәуір айларында аулаңызда жайқалып тұруы үшін, күзде әрекет жасаңыз. Бұл гүлдердің пиязшықтары тамырлап, гүлдеуге дайындалу үшін, топырақта ұзақ уақыт жатқаны дұрыс. Негізі пиязшықтарды қыркүйек айының аяғы мен қазан айының басында отырғыза береді. Алайда әр өңірдің ауа-райына да мән беру қажет. Бастысы алғашқы үсік басталғанға дейін егіп үлгеру қажет. Тым ерте егуге де болмайды.


Көпжылдық өсімдіктерді даралау керек

Егер бақшаға көпжылдық өсімдік егіп, оны өзі өсіп-өзі шыға береді деп қайта отырғызғыңыз келмесе, қатты қателесесіз. Мұндай өсімдіктер де күтімді, қарауды талап етеді. Қатты өсіп, көбейіп кеткен өсімдікті уақыты келгенде жекелеп тастамаса, оның әдемі, мол гүлінен үміттенудің қажеті шамалы. Гүлдерді бөліп, даралау жұмыстары көп ретте күзде жүргізіледі. Сондықтан келесі жылға әдемі гүл бағын қаласаңыз, онда бұл жұмысты ұмыт қалдыруға болмайды.


Көкөністер егуді ұмытпаған жөн

Асжапырақ (шпинат), шалғам секілді кейбір көкөністерді күзде егіп қойсаңыз, ерте көктемде өнмімен қуантады. Сондай-ақ, негізгі егілген өнім жиналған жерге күзде бидай немесе қыша сеуіп тастаса, топырақтың құнарын келтіріп, арамшөптердің көбеюінің алдын алады.

Күзде бақшадағы жұмыстарды тез аяқтап тастаймын деп, қажетті істерді ұмытып, көктемгі жұмысыңызды көбейтіп алмаңыз!


Оқи отырыңыз: Жуылатын ТҮСҚАҒАЗДЫ қандай бөлмеге ЖАПСЫРУҒА БОЛМАЙДЫ


Пешіңіз қысқа дайын ба? Жылыту қазандығын бір тексеріп алыңыз


Дайындаған: Базарбаева Э.

ERNUR.KZ.