Бау-бақшаны үсіктен қорғау үшін 6 кеңес

0
6 473

Гүлдердің сыртына қатқан мұз оларды аман алып қалады...


Бау-бақшаны үсіктен қорғау үшін 6 кеңес

Қазір жыл мезгілдерінің ең бір керемет шағы. Айналаның барлығы жасыл түске еніп, табиғаттың құлпырған кезі. Еліміздің Оңтүстік өңірлерінде жеміс ағаштары гүлдеп, бақшадағы біраз дақылдар қылтиып жер бетіне шығып та қалды. Бірақ табиғаттың осындай әсем көрінісін әлемді жаулаған індеттің кесірінен толық тамашалай алмай отырғанымыз өкінішті. Дегенмен қала орталығындағы үйлер болмаса, жер үйде тынымсыз тіршілік көп-ақ. Үй ішінің жұмысынан бөлек, сырттағы бау-бақша мен есіктің алдына егілген гүлдерді күтіп-баптаудың өзіне қаншама уақыт керек.


Біздің "Үй-тұрмыс" айдарындағы келесі кеңесіміз осы бау-бақшадағы қазіргі гүлдеп тұрған жеміс ағаштары мен бұталарды, бойы көрініп қалған дақылдарды көктем мезгілінде жиі орын алатын үсікке шалдырмай, аман алып қалу жөнінде болмақ.


1. Арнайы жабын (лутрасил) және өзге де материалдар

Мұндай материалдармен жылусүйгіш дақылдардың, гүлдердің бетін жапқан дұрыс. Мысалы қияр, қызанақ, асқабақ, тәтті бұрыш т.б. Бұл дақылдар +10 градустың өзін өте жайсыз қабылдайды, ал температура 0-ге түскенде үсіп кетеді. Сондықтан бұл дақылдарды бірінші кезекте қорғаған дұрыс.


2. Суғару арқылы да үсіктен аман алып қалуға болады

Бақшадағы ірі жеміс ағаштары мен жидек бұталарын суғару арқылы үсіктен аман алып қалуға болады. Ол үшін кешкісін қолымызға құбыршек (шланг) немесе шелек алып бау-бақшаны молынан суғарамыз. Жүзімнің ірі сабақтарының, қарақат пен таңқурайдың түбіне 5 шелектен, ал ересек алма, алмұрт ағаштарының түбіне 5-7 шелек су құю қажет.


3. Бүрку немесе жаңбырлату арқылы қорғау

Түнде үсік жүретіні ескертілсе, кешкісін бақшадағы барлық гүлдеп тұрған жеміс ағаштарын майда бүркігіші (распылитель) бар құбыршекпен мол етіп, ағаштың бойына жеткен жеріне дейін су сеуіп шығу керек. Су тамшыларының жапырақтарға, гүлдерге толықтай тиуін қадағалау қажет. Себебі жапырақтар мен гүлдерге тиген су тамшылары ауа -райының күрт төмендеуінен қатып, мұзды қабықтар жас жапырақтар мен гүлдерді суықтан қорғап қалады. Ал күн жылыған соң мұздар еріп, гүлдер мен түйнектер зақымданудан, үсіп кетуден аман қалады.


Ескерту: Бұл әдісті тек қана жел жоқ кезде пайдалануға болады. Егер үсік, суық желмен бірге келсе, онда аталған әдістен керісінше нәтиже шығады.

4. Тамырдан тыс қоректендіру

Жаңадан жапырақ жайған уақытта бау-бақшадағы жеміс ағаштарын, бұталарды тамырдан тыс қоректендіру арқылы үсік шалудан қорғауға болады. Бұл әдіс толық қорғап қала алмағанымен әсерін айтарлықтай төмендетуге көмегі тиеді. Ол үшін үсік қаупі төнген кезде калий-фосфор тыңайтқышын жапырақтарға себеміз. Ал таңертең бақшадағы ағаштарды кәдімгі суға үдеткіш (стимулятор), мысалы Эпин немесе Циркон қосып араластырып қайта бүркіп шығамыз. Мұндай жағдайда жеміс ағаштары үсіп кетуден қорғалумен қатар, жапырақтарына тамырдан тыс қорек те алады.


5. Бақшаны түтіндету

Бұл бау-бақшаны үсіктен қорғаудың ежелден келе жатқан өте қарапайым және шығынсыз әдісі. Түнгі температура -4 болса да түтіндету әдісі өте жақсы көмектеседі. Ол үшін отты бақшаның жел жақсы есетін жағынан жағу қажет. От жаққанда оның қатты жанып кетпей, түтіндегенін қадағалау керек. Сондықтан мұндай әдіс үшін арнайы отын емес, бақшадан шыққан жапырақ қоқыстары, шөптің қалдықтары, ағаш жаңқалары (опилка) пайдаланылады.

Түнде үсік жүреді дегеннен кейін кешкісін жоғарыда айтылған қоқыстарды диаметрі 1,5м шамасындай, ал биіктігін 50см етіп үйіп бақшаның жел есетін жағына жинау қажет. (Мұндай шамадағы қоқыс түтіні 1 түнге 1 соттық жерді үсіктен қорғауға жетеді). Үйіндінің ортасына домалақ жуан қада қалдыру керек, от жағатын кезде қаданы алып тастап, от қойылады. Қаданың орны түтіндік (дымоход) ретінде қызмет етеді.


Ескерту: Қатты жел кезінде түтінді ұстап қалу қиынға соғады. Ондай кезде сіз өз бақшаңызды емес, көршіңіздің бақшасын қорғап қаласыз. Керісінше жел жоқ болса, онда да түтін бақша ішіне жайылмай жоғары кетіп, жемістер қорғаусыз қалып үсік шалуы мүмкін.


6. Химиялық құралдарды қолдану арқылы қорғау

Криопротектор және антифриз заттектері өсімдіктердің төмен температурада үсіп кетпеуіне көмектеседі және үсікке төтеп беру күшін көбейтеді. Аталған заттарды арнайы дүкендерден алып, тек қана сыртындағы нұсқаулық арқылы пайдалану керек. Ереже бойынша аталған заттектерді үсік жүрерден 6 сағат алдын бақшаға шашу керек. Қорғаныш әсері 1 аптаға дейін сақталады.

Бау-бақшаларыңыз жемісті болсын!

ҮЙ ішін ДҰРЫС ДЕЗИНФЕКЦИЯЛАУ жолдары қандай?


Дайындаған: Эльмира Базарбаева,

ERNUR.KZ