Ішек-қарын ТАЗАЛАЙ білесіз бе? Қыз-келіншектерге кеңес

0
20 495

Қарын тазалағанда айранның қандай пайдасы бар?


Ішек-қарын ТАЗАЛАЙ білесіз бе? Қыз-келіншектерге кеңес

Енді бірер күнде мұсылман қауымының қасиетті мейрамдарының бірі Құрбан айт басталады. Аты айтып тұрғандай, аталған мейрамда иісі мұсылман құрбандық шалып, ы (жылқыдан басқа).

Әрине, малды әркім өзінің шама-шарқына қарай сояды, бірі ірі қара немесе түйе сойса, көпшілігі қой-ешкіні құрбан етеді. Ал енді осы малдың етін жайғастырып, басын үйітіп, ішек-қарнын тазалау ептілік пен ұқыптылықты қажет ететін шаруа. Барлығы дамыған заманда ақысын төлесең, ештеңеге қолыңды тигізбей-ақ ішер асыңды алдыңа жеткізіп беретіндер бар. Бірақ мұндай қызметтер аз ақы сұрамайды.

Қазірде қыз-келіншектердің көпшілігі ішек-қарын тазалаудан "сасып кеткен, қолымнан исі кетпей қалады, тазалай алмаймын" деп бастарын алып қашады десек артық айтқанымыз емес. Алайда, сол ішек-қарыннан түрлі тәтті ас дайындауға, қарайған қарынды ағартуға, тіпті қатпаршағын да тастамай оп-оңай жуып алуға болады.

Ол үшін төмендегі кеңестерді қарап көріңіз.


1.Ішек-қарынды шараға салып берген соң ең алдымен, үстінен салқын су құйып қою керек. Салқын су ішектің жарылып, ыдырап кетпей тазалануына, қарын сыртындағы ішмайдың оңай алынуына жақсы көмектеседі. Қарында бөлек, ішектерді басқа ыдысқа салып, үстіне екі-үш қайтара салқын су құйған жөн.


2. Салқын су құйылғаннан кейін, қарынға жабысып тұрған қарабауырды ақырын алып, бөлек ыдысқа салу керек.


3. Келесі кезекте ішмай толықтай сыпырылып алынады. Майдың арасындағы бездер мен жылауық (іші суға толы жұқа қабық) алынып тасталады.


4. Ішектерге тиіспей тұрып, бөлек ыдыстағы қарынды, ауызғы жағындағы ұлтабар, қатпаршақ, тақияқарынмен бірге салып, салқын су құю керек. Өңешті екі байламаса, ағытылып, ішіндегі сыртқа шығып түлдіруі мүмкін.

  • Қарыннның тақияқарынмен жалғасқан жерін қысып ұстап, жоғарғы жағындағы ұлтабардан толтыра су құйылады.
  • Алдымен ұлтабар, сосын қатпаршаққа өткен суды сыртынан әбден шайқап, қысып ұстап тұрған жерді босатып, қарынға қарай ағызып жібереміз.
  • Осы әрекетті төрт-бес мәрте қайталау керек. Бұл әдіс қатпаршақ пен ұлтабарды қарынға қарай шайып кетеді.
  • Шайып болғаннан кейін қарынның қысып ұстап тұрған жерден кесіп, ұлтабар мен тақияқарын, қатпаршақты бөлек аламыз.
  • Осы кезде ең қиыны - қарынды төгу. Қарынды еппен тезек төгетін тұсқа апарып, кесілген тұстан ұстаған күйде аузын аздап тіліп жіберіп, бірден еңкейту керек. Сол жерде ішіне су құйып бірнеше рет шайқап, төгіп тастаған жөн.

5. Шайылып тазаланған қарынның бүрін кетіру үшін, ішіне (бүрі бар жағына) ыстық қайнаған су құйып аз уақытқа жібітіп қоямыз. Қарынды тазалау үшін бүгінде кола сусынын да пайдаланатындар бар. Сондай-ақ, қарынның бүрін тұз да жақсы кетіреді. Ол үшін бүрі бар жағын тұзбен қалыңдап сылап, ораған күйі бір сағаттай қойған дұрыс. Кейін жуып ала беруге болады.


6. Бөлек ыдыста тұрған ішектің алдымен аш ішегін алады.

  • Аш ішекті алу үшін оның ішмайға жабысқан тұсынан еппен ажыратып отырады. Ескерерлігі, аш ішек шатасып қалуы мүмкін. Сондықтан оны ажыратқанда екінші бір ыдыстағы суға сала берген дұрыс. Содан соң шетінен ішіндегісін төгіп отырмаса, ортасына барғанда жарылып кетуі мүмкін.
  • Ішектерді мүмкін болғанша, бүтін алған жақсы. Бұл келіншектердің ептілігін көрсетеді. Сонымен қатар, бүтін алынған ішекті өріп барып қайнатса жинақы әрі әдемі көрінеді.
  • Аш ішекті таратып алған соң ішіне су құйып, бірнеше рет жүгіртіп тазарту керек.
  • Енді тоқ ішегін ішіне су құя отырып тазалап аламыз. Оған су құймаса, ішіндегі қи оңайлықпен сырғымайды. Еппен ғана жарып алмауға тырысу керек.
  • Аш ішекке қарағанда тоқ ішектің айырмасы - сыртында май қабаттары болады. Егер жарылып кетіп бүлінсе, ішіндегісі сыртына жабысып, былғауы мүмкін.
  • Тоқ ішектің ішіндегісі түгелдей барып бүйенге құйылады. Қазы не әсіп жасауға қолданылатын бүйен ерекше жуан келеді. Ал аш ішек бүйеннің бүйір тұсынан жалғасады. Сондықтан аяқталар тұста бүйен жаққа азырақ бөлігін қалдырып, ішекті түйіндеп қою керек. Бүйенннің аузы кең болғандықтан ол өте оңай жуылып, тазарады.

7. Тазарған ішектерді теріс жағына аудару керек. Бұл үшін ұзындығы 15-20 см жіңішке шыбық көмектеседі. Іші аударылған ішектерді жақсылап шайып, бірнеше рет жуып алады. Реті келсе, бірден өріп тастаған дұрыс.

8. Ішектерді тазалап болып, жібітіп қойған қарынға кірісеміз. Жібіп тұрғандықтан қолмен сыпырып-ақ түсіріп тастауға болады. Бүрі кетпеген жерлерін пышақтың көмегімен ақырындап қырып тастаған жөн. Ішек те, қарын да тап-таза.

Керек кеңес: Егер қарын қарайып тұрса (ол малдың жеген жем-шөбіне және ағза ерекшелігіне байланысты болады), онда бір сағат көлемінде айранға салып қою керек. Аппақ болып шыға келеді.


Ішек-қарын тазалаған соң қолыңыздағы иісті лимон немесе лимон қышқылымен сүрту арқылы кетіруге болады.


Біле жүріңіз: Қарынның ішіне ет пен көкөністерді, түрлі дәмдеуіштерді салып, өте керемет ас дайындауға болады. Сондай-ақ ыстық салаттың да неше түрін дайындай аласыздар.

Жазған кеңестеріміз қажеттеріңізге жарасын!

Эльмира Базарбаева,

ERNUR.KZ

Тағы оқыңыз:


МЕКТЕПКЕ ДЕЙІН әрбір ӘЙЕЛ істеп үлгеруі тиіс 7 ШАРУА


Ескі түсқағаздарды алудың 7 түрлі әдісі - БӘРІ ДЕ ОП-ОҢАЙ