Негізі, гүлдерді күзде егіп қойған дұрыс.
Сірескен қар еріп, көктем шыққанда есіктің алды жайқалған гүлдерге толса, көңіліңізде ерекше шаттық орнайтыны сөзсіз. Тек ол үшін аздап тер төгіп еңбек ету қажет. Бау-бақшадағы жұмыс саябырсып, барлық жиын-терін аяқталған шақта гүлдерді келесі жылға дайындау кезеңі басталады. Негізі, гүлдерді күзде егіп қойған дұрыс.
Гүлдерді күзде отырғызудың бірнеше артықшылығы бар
- Өсімдіктер қыстай жер астында шыңдалып, көктемгі үсіктерге шыдамды келеді.
- Тамыр жүйелері қалыптасып үлгергендіктен, көп суғаруды қажет етпейді.
- Күзде отырғызылған гүлдер көктемде ерте бүршік атып, тез гүлдейді.
- Салқын ауаға үйренген көшеттер орын ауыстырғанда да тез бой түзеп кетеді.
- Күзде гүлдерді отырғызуға уақыт жеткілікті. Себебі көктемде бұған бақша көшеттері қосылып, уақыт жеткіліксіз болуы мүмкін.
Күзде отырғызатын гүлдердің түрі мен сұрыпын дұрыс таңдау керек
Күзде қызғалдақтарды, нарцис, барқыт, пиязшық гүлдерді егеді. Өйткені олар суыққа төзімді келеді.
Күзде отырғызуға болатын көпжылдық гүлдер түрлері:
Молочай, аконит, тегеурінгүл (дельфиниум), дицентра, люпин, гайлардия, альпі ақкекіресі (астра), алтыншар (рудбекия) т.б. көптеген гүлдермен қатарды толықтыруға болады.
Күзде отырғызуға болатын біржылдық гүлдер түрлері:
Хош иісті шашақгүл, флокс, маттиола, қытай ақкекіресі, килеватая, бақытгүл (хризантема), қырмызыгүл (календула), аллисум, иберис, "львиный зев", скабиоза. Бұл гүлдер негізінен өздігінен ұрықтануға бейім келеді.
Гүл егуді қай кезде бастау қажет?
Қыркүйек айының ортасынан бастап ұсақпиязды нәркес (нарцисс), қызғалдақ, сүмбілгүл (гиацинт) т.б өсімдіктерді қондыра беруге болады. Бұл жұмыс қазан айының ортасына дейін жалғасын табады.
Ал қалған сәндік гүлдерді мамандардың айтуынша, қараша айында отырғызу қажет екен. Себебі топырақ суыған кезде еккен гүл тұқымы шыдамды болып келеді екен. Жылы топыраққа себілген тұқым ерте бүршік жарып, бірден суық болғанда тамыршықтары шіріп кету қаупі зор.
Гүлдерді қондыру тәсілдері
Бақша гүлдерінің басым көпшілігін пиязшық, ұрық, көшет арқылы егеді.
Пиязшық тамырлы гүлдер жұмсақ, борпылдақ топыраққа қондырылғаны дұрыс
Ең алдымен гүл егетін аумақты аударып қойып, 3-4 күнге дейін тиіспеген жөн. Сол аралықта топырақ отырып, қондырған гүл пиязшығы мығым орналасады.
Қондыру тереңдігі үш пиязшықтың қосылған көлеміне тең болғаны дұрыс. Мұндай тереңдік көктемде пиязшық үш есе үлкейіп кетеді деген есеппен қондырылады.
Сондай-ақ еккен гүлдердің үстінен шіріген тыңайтқыш себіледі.
Гүлдерді ұрық, дәндер арқылы егу
Ұрықты гүлдерді топыраққа себерде ең алдымен ескеретін жайт, тұқымды екі есе көбейтіп себу қажет. Себебі қысқы қатты аяздарда олардың кейбірі шіріп өнбей қалуы мүмкін.
Дән арқылы себілетін гүлдерді суыған тіпті тоңған жерге сепкен дұрыс. Егер топырақ жылы кезде себілетін болса, бірден өсіп-өну қарқыны басталып, қатты суық түскен уақытта түгелімен жоқ боп кетуі мүмкін.
Тағы бір ескеретін жайт, гүлдерді егетін жерді дұрыс таңдаңыз. Климаттық жағдайы қатал аймақта тұратындар көлеңкесі бар аумақты таңдап, ашық күн түсетін жерге гүл егуден сақ болғаны дұрыс. Себебі қатты түскен күннің көзінен өскіндер күйіп кетуі мүмкін.
Сондай-ақ ұрықты ойпаң, ылди жерге егуге болмайды. Көктемгі еріген қар суы шайып кетуі мүмкін қаупі басым.
Қыркүйек айында гүл егетін аумақтың жерін аударып, тыңайтқышын сеуіп қойған дұрыс.
Жер қыртысы тоңғаннан кейін ұрықты еге беруге болады.
Ұрық себілген жердің беті құм араласқан қарашірікпен жабылады. Дәндерді құстар алып кетпес үшін топырақ беті қалыңдатылады.
Қолайлы температура қалыптастыру үшін бетін ағаш жапырақтарымен жапқан дұрыс.
Бағбаншылар көбіне өсімдіктерді көшеттен отырғызғанды дұрыс көреді. Себебі олар ылғалды, қышқыл топырақта тез тамыр алып өніп кетеді.
Алдын-ала қазылып дайындалған шұңқырға органикалық, минералды тыңайтқыштар себіледі. Артынан шымтезек салынады.
Көшеттің шашыраған тамырларын кішкене қырқып қысқартады. Қондырылған көшетті молынан суғарып, қосымша қарашірік, шымтезекпен қоректендіреді.
Сондай-ақ гүл падишасы саналатын раушанды есік алдында, бақшалығында өсірмейтін адам кем-де кем шығар. Өзінің нәзіктігіне қарамай раушан гүлі суыққа төзімді,қоршаған ортаға бейімделгіш келеді. Бірақ күн суытып, қыстың ызғары сезілгенде бұл гүлдер де күтім мен қарауды қажет етеді.
Сондықтан ауа-райы толығымен салқындыққа тұрақталғанда раушан гүлінің солып қалған немесе енді бүк жарып келе жатқан шоғырларын кесіп тастаймыз. Оны қырыққан кезде түбінен 30 сантиметрдей қалдырамыз. Ол раушан гүлінің көктемнен күзге дейін әдемі жайқалып өсіп тұруы үшін қажет. Жерде қалған гүл түбірінің үстіне құм аралас топырақ тастаймыз.
Гүлдерді жақсылап, барынша күтіп баптай білсеңіз, жайқалған әсем көркімен, хош иісімен жаныңызды шаттыққа бөлеп жадырататыны сөзсіз.
Дайындаған: Эльмира Базарбаева,
Тағы оқыңыз: "Улы" ыдыста ас дайындап жүрген жоқсыз ба?
Шайды салқын сумен демдегеннің пайдасы көп екенін білесіз бе?