Бау-бақшаны баптау кімдердің қолынан келеді - жұлдызды жорамал

0
3 073

Бау-бақшаны баптау жөнінен қай белгі иелері бесаспап екенін және кімдердің әлін байқап, әлекке түспегені абзал екенін астрологтар айтады.


Бау-бақшаны баптау кімдердің қолынан келеді - жұлдызды жорамал

Есік алдының жасыл желекке оранып, бау-бақшаның мол өнімге малынып тұрғанын кім қаламайды дейсің? Дәл қазір сауда орындарында самсап тұрса да, өз еңбегің сіңген, өз бақшаңнан үзіп жеген жеміс-жидекке не жетсін?! Алайда, бұл екінің бірінің қолынан келе бермейтін еңбек. Бау-бақшаны баптау жөнінен қай белгі иелері бесаспап екенін және кімдердің әлін байқап, әлекке түспегені абзал екенін астрологтар айтады.


Тоқты

Әдетте, бұл белгі иелері әр нәрсеге әуес, алайда шыдамсыз болып келеді, қызығушылығы тез басылады. Осы әдетіне басып, бір жазды бастан-аяқ саяжайда өткізсе, келесі жылы бау-бақша өсіруге мойны жар бермей қалуы әбден мүмкін. Кейде ерте көктемде қондырып, баптап жүрген көшеттеріне жаз шыға бере қолын бір сілтеуі де ықтимал. Сондықтан, оларға күтімді аса қажет етпейтін, тез пісіп-жетіліп, өнімі көп күттірмейтін дақылдар мен өсімдіктерді ғана қолға алған абзал. Жасыл бұршақ пен сәбізден мол өнім алады.


Торпақ

Бұл белгі иесі жеміс-жидек, көкөністерді өсіруге ғана емес, оларды қысқа сақтауға да епті. Содан да болар, ұрасы тұздалған, маринадталған, кептірілген, басқа да түрлі әдістермен сақталған жаз өнімдеріне толы. Бау-бақша бабы жайлы оқыған-тоқығаны мен түйген тәжірибесі де аз емес. Сондықтан, белгі иелеріне егін, бақша шаруашылығын кәсіп етіп, мол табысқа кенелуге мүмкіндік мол. Әсіресе, картоп, асқабақ және самсар (патиссон) сынды көкөністер Торпақтың қолынан шықса, өнімді болмақ. Сондай-ақ, олардың ауласындағы ақкекіре және таушымылдық гүлдері де ерекше көрініске ие.


Егіздер

Аталған белгі иелері мойынға жауапкершілік алу мен іс пыстыратын жұмыстардан аулақ жүруге тырысады. Ал, бағбандық пен диқаншылық үлкен жауапкершілікті талап етеді. Жерге қандай да бір дәнді тастадың екен, орта жолдан тастап кету обал. Соны ескерген Егіздер әдетте мұндай шаруалардан шалғай жүреді. Маусымдық өнімдерді сатып ала салуды оңай әрі дұрыс көреді. Ал, шындап қолға алса, қызылша, үрмебұршақ және салат жапырақтарынан мол өнім алуға мүмкіндігі бар. Егіздердің күтімін көрген қызғалдақ, анемон, гербер, жыланқияқ күлдері айрықша жайқалып өседі.


Шаян

Шаяндарды жердің тарлығы, судың тапшылығы сынды кедергілер тоқтата алмайды. Тіпті, көпқабатты пәтерде тұрса да, терезе алдын түрлі көшеттерге толтырады. Себебі, дүкендердегі дәріленген жемістер мен көкөністерді сатып алуға дәті бармайды. Ал, оларға саяжай баптауға мүмкіндік берілсе, бір жылға жететін өнім алып, ауласын гүлстанға айналдыратыны анық.


Арыстан

Олар үшін жаз – шаруа жасайтын емес, шомылып, күнге қыздырынып, табиғат аясында тынығуға ғана арналған мезгіл. Сондықтан, көшет егіп, дән себуді қажет деп таппайды. Тек, эстетикалық ләззат алу үшін гүлдерді күтіп-баптайтыны бар. Онда да қызығушылық тудыратын айрықша, жаңа сұрыптар болса.


Бикеш

Әдетте, олар бақшасына жыл сайын көшет отырғызуға қарағанда, көпжылдық бұталар мен жеміс ағаштарымен толтырғанды құп көреді. Бір жыл ғана өнім беретін көшеттерге аз орын бөледі. Бикештер үшін бапталған бақша дос-туыстарға мақтана көрсететін жетістіктердің бірі. Оның әсемдігі мен безендірілуіне де баса мән береді. Сндықтан, ауласынан өз қолымен жасалған түрлі пішіндерді, құстарға арналған жемсалғышты, басқа да бұйымдарды таба аласыз.


Таразы

Бұл белгі иелері үшін бау-бақша өнім алуға болатын жер телімі ғана емес, үйдің сәні де саналады. Сондықтан, ауланың да, бақтың да суреттегідей әдемі болуына, арамшөптердің бақша сәнін бұзбауына, ондағы өсімдіктердің өзара үйлесімділігіне баса назар аударады. Сондай-ақ, таңдауы үнемі айрықша күтімді қажет ететін, сирек кездесетін сұрыптарға түседі. Таразылар әдетте қызанақ, самсар (патиссон), сондай-ақ ерте көктемде пісетін шалғам, қымыздық сынды көкөністерден мол өнім алады.


Сарышаян

Сарышаяндар үшін саяжайға барып шаруа жасау күнделікті күйбеңге ерекше рең кіргізіп, бой сергітудің бір түрі саналады. Сондай-ақ, балғын бақша өнімдері барда салауатты өмір салтын ұстанып, пайдалы да дұрыс тамақтануға мүмкіндіктің көп екенін жақсы түсінеді. Сондықтан, бақшадан шыққысы келмей, ұзақ айналшықтап, әйтеуір бір жұмыс тауып алып жүреді. Белгі иелерін ащы және тәтті бұрыш, кәді және баялды өсіруден айрықша талантты деуге болады.


Мерген

Мергендердің көпшілігі бау-бақша баптауға бейім емес. Есік алдында бос орын болса, бірді-екілі «жапырақтыларды» желкілдетіп қоюға өзгелерден ұялғанынан ғана тырысады. Таңдауы да күтімді аса қажет етпейтін әрі көпжылдық дақылдар мен гүлдерге түседі. Пияздың барлық сұрыптары мен құлпынай өсіруді қолға алса, еңбегі еш кетпейді.

Бір қызығы, осы белгі иелерінің бақшасында арамшөптер айрықша қарқынмен өсетіндей. Мергендердің гүлзары қашанда гүлдер мен шөптесін өсімдіктер араласа өскен жабайы даланы еске салады.


Тауешкі

Бұл белгі иелері егін шаруашылығына епті келеді. Оларға ауладағы бақша аздық етуі әбден мүмкін. Үлкен алқаптарға асқабақтың көлемді сұрыптарын, жүгері және күнбағыс егіп баптаса, Жер-Ана оған міндетті түрде дархандық танытады. Ауа райының ыңғайына қарап, нені қай уақытта егу керектігін жақсы біледі. Соның арқасында қысы-жазы қоймасы бос тұрмайды.


Суқұйғыш

Олар кез келген бақша өнімін ғылыми нұсқаулықтар бойынша және барынша бабымен өсіргенді құп көреді. Сондықтан, ұрық-көшеттермен қатар көптеген кітапшалар, барлық қажетті құрал-жабдықтар мен тыңайтқыш-минералдарын түгелдей алдын ала сайлап алады. Белгі иелері қырыққабат пен бұршақ тұқымдастар өсіруді қолға алса, ұятқа да, шығынға да қалмайды.


Балықтар

Олар не ексе де артығымен егеді әрі алған өнімін қыс бойы балғын күйінде сақтауды жөн көреді. Яғни, жеміс-жидектер мен көкөністерді консервілеп ұрада емес, мұздатқышта сақтайды. Түр мен сұрып таңдауға келгенде отбасы нені көп тұтынады соны басты назарға алғаны абзал.

Аударған: А.Мейірханқызы,

ERNUR.KZ