Күйеуіңізге «жақын жатқан» күннің ертеңіне таңертеңнен-ақ ыңылдап ән салып көңілді жүреді емессіз бе? Мойындау керек... және... жалпы, күн сайын көңілді жүргенге не жетсін?!
Фото: imenno.ru
«40-таң соң жаңа өмір басталады» деген бар емес пе? Бұл жалпы өмірімізге ғана емес, оңаша отаудағы жайттарға да байланысты айтылған көрінеді. Тіпті, тап сол оңаша отауға байланысты айтылса да таң қалмаңыз.
Зерттеушілердің жеткен нәтижесі бойынша, «оңаша отаудан» ерлі-зайыптылар 40 жастан асқанда нағыз ләззатты сезіне алатын көрінеді. Бұл 30 жастағы ләззаттан да тәттірек болатынын да баса айтады.
Мұны психологтар әйелдерде қылықтылық пен сексуалды энергияның 40-қа таяғанда ашыла түсетіндігімен түсіндіреді. Сондай-ақ, тек тұрақты серігімен, яғни, өз күйеуімен ғана...
Бірақ отбасылық жағдайлардың оңаша қалып, тән қалауын қанағаттандыруға мұрша бере бермейтіндігі бар. Соның кесірінен эрекцияның бұзылуы орын алады. Түсінікті тілмен айтқанда, нәзік жандылар қалайды, ал бөріктілердің көпшілігі ендігі... қажетті деңгейде орындай алмайды.
Мұндағы ер-азаматтардағы басты себеп – ауру, стресс, жүйкеге түскен салмақ, дұрыс демалмау... Тізе берсек, себебі көп. Кейде төсек қатынасында белсенді бола алмаудың бір себебі, тұрмыстық жағдайдың өзгеруі немесе ұйқының қанбауы да болуы мүмкін. Не болса да, мұндайда еркекке кеңес беретін арнайы мамандардың көмегі аса қажет болады.
Жарайды, оны қоя тұралық. Одан да басқы тақырыбымызға қайта оралайық.
40 жас – аз да емес, көп те емес. Расында өмірдің ең бір қызық кезеңі. Өмір болғанда да, ерлі-зайыптылықтың...
Алдымен өз бөлмеңізге кіріп байқаңыз. Еріңізбен бір бөлмеде жатасыз ба? Жо-жоқ, «әріге» кетпеңіз. Тек қана 15-20 жыл отасқан қосағыңыз екеуіңіздің төсегіңіз ажырамаған ба? Ортаға бала алып жатуды әдетке айналдырмағансыз ба?
Егер солай болса, (тіпті, бір-екі балалы болған соң жатын бөлмені бала-шағасына беріп, өздері қонақ бөлмеге шығып кеткен еркектердің бар екенін есепке алыңыз) онда сізде жоғарыдағы бір себептің болуы заңды. Оған әйеліңіздің салқындығын да қосыңыз.
Төсек десе, бетін басатындар (өтірік болса да) көп. Бірақ әркім өзіне өзі мойындауы керек. Бұл туралы шариғатта да айтылған. Жұбайлық қарым-қатынас, тән ләззатын алу – жаратылыстан берілген сый. Оған деннің саулығы тікелей бағынышты екендігі медицинада да көп айтылады. Сондықтан төмендегі мынадай қысқаша кеңесті қабыл алыңыз.
Еркектерге кеңес
- Оңаша қалу үшін оңаша отаудың болуы – заңдылық. Ал оны «болдыртатын» - Сіз. Иә, үйіңізде екеуіңізге ғана арналған «артық» бөлменің болуымен қамтамасыз етуге тиіссіз. Егер 40 жасқа дейін оны «болдырта» алмасаңыз, «теріске» кетіп, әйеліңізді кінәлауға құқығыңыз жоқ.
- Оңаша бөлмеңіз бола тұра оған кірмесеңіз, мәселе тағы өзіңізде.
- Әйеліңіздің емеурінін байқайтын жасқа келдіңіз ғой, мұқият болғаныңыз абзал. Шай ұсынған кесенің өзін өзгеше ұсынып жатса, «сағынғаны».
- Денсаулығыңыз өзіңізге қажет. Осы жаста бойыңызды дерт дендесе, оған әйеліңізді кінәлай алмассыз. Отбасыңызды асырау үшін жұмысбасты болсаңыз да, денсаулығыңыз тек Сізге аманат етілген. Аттан түсуге әлі ерте, ендеше, өзіңізді қолға алыңыз.
- 40-қа жақындаған әйеліңіз жаңа қылық көрсетіп жатса, қуаныңыз. Қуаныңыз да, дер кезінде «аулай» біліңіз. Мәселе екеуіңіздің де пайдаңызға шешілері анық.
Әйелдерге кеңес
- Бала балалар бөлмесінде жата алатын жасқа келгенде бөлек жатқызып үйрету – Сіздің міндетіңіз. Жатын бөлмедегі еріңіздің орнын сақтауға тиіссіз.
- Қабақты түйе бергеннен осы уақытқа келгенше ештеңе ұтпайтыныңызды білген боларсыз?! Керісінше, еркелей сүйкеніп өтудің пайдасы көп екендігі тәжірибе жүзінде «дәлелденген».
- Күйеуіңізге «жақын жатқан» күннің ертеңіне таңертеңнен-ақ ыңылдап ән салып көңілді жүреді емессіз бе? Мойындау керек... және... жалпы, күн сайын көңілді жүргенге не жетсін?!
- Еркекке тек дәмді тамақпен қоса «сиқырлы», тартып тұратын қабақ та керек.
- Қос адамдық көрпені бірге жамылудың да жақын болуға көп көмегі барын есте ұстағайсыз. Еріңіз оған мән бермеуі мүмкін, бірақ әйел заты мұндайға мұқият болғаны жөн.
Әзірге осы. Алда «оңаша отаудың» мәселелеріне қатысты кеңестерді күтіңіз.
Жайнаған Байтұрым