Ерлі-зайыптының арасында төсек қатынасы болмаса... не болады?

0
49 728

«Үйбәй, ұят қой...» дегенімізбен, әйелдер де, еркектер де төсек қатынасы туралы сөз болып жатса еріксіз құлақ түреді. Өзара әңгіме болғанда бірталай нәрсені талқылап та тастайды.


Ерлі-зайыптының арасында төсек қатынасы болмаса... не болады?

иллюстрациялық суреттер: ашық дереккөзден

«Үйбәй, ұят қой...» дегенімізбен, әйелдер де, еркектер де төсек қатынасы туралы сөз болып жатса еріксіз құлақ түреді. Өзара әңгіме болғанда бірталай нәрсені талқылап та тастайды.

Әйел болған соң ондай әңгімеге ешкім де жоқ демейді. Керегін алып, қажетсізін құлақтың сыртынан өткізіп жібере салған дұрыс. Сондай бір әңгіменің көбі ерлі-зайыптының бөлек жатуы турасында өрбиді. «Ой, қанша болды бөлек жататынымызға... Мен бала-шағаммен, ол теледидардың алдында...»

Осындайды естіген соң «неге?» деген сұрақ туындап, біраз зерттеу жасап көруге тура келді. Ерлі-зайыптылардың бір төсекте жатпауы неден туындайды және қандай жағдайға апарып соқтырады?

Ақпараттың ағылып жатқан заманында оған жауап табу қиын емес. Оны «гуглдатып» жіберіп табуға болады. Бірақ оның да ішінде құлаққа ілері бар, ілінбейтіні де жетерлік. Қанша дегенмен қанымызда ұяңдық болған соң «гуглдың» айтқандарының көбісі бізге жат келеді. Десек те, денсаулық отбасының шырқын ойлағанда біршама кеңестерге құлақ асуға тура келеді.

Социологтардың айтуынша, ерлі-зайыптылардың 30 пайызы төсек қатынасынан уақытша ғана бас тартады екен де, арасында 15 пайызы мүлде төсексіз-ақ бір отбасында өмір сүріп жатқан көрінеді. Бұған не себеп? Ерлі-зайыпты болған соң олардың оңаша отауы, қанды қайнатар ыстық төсегі болуы шарт емес пе? Одан бөлек тән қалауын қалайша тұншықтырады?

1-себеп: қажетті жағдайдың болмауы

Иә, бұл көп жағдайда некелі жандарға арналған бөлек бөлменің болмауынан басталады екен. Тұрмыстағы жетіспеушілік салдарынан аядай бөлмеге тығылып өмір сүріп жатқан отбасылар жетерлік. Бала-шағамен араласып жатқанда қайдағы «махаббат ойыны»? Бала ұйықтап қалса да кез келген уақытта оянып кетуі мүмкін ғой. Ариғат бойынша, ерлі-зайыптының төсегісалынған бөлмеде бала түгілі мысық та болмауы керек.

Шешімі қандай болмақ?

Шешімі сол – бөлек бөлме болуы керек. Оған жеткенше туыс бар, ата-әжесі бар дегендей. Балаларды аптасына бір ауық қыдыртып жіберіп те оңаша қалуға болады емес пе? Сезім суып қалмасын, сезім! Бұл мәселенің кем дегенде үш шешімі бар. Қалаған адам есебін табады.



2-себеп: ұрыс-керіс

«Ыдыс-аяқты сықырлатып» қойғанда, біразға дейін бір көрпе жамылуға «бет жоқтай» көріне ме? Рас, ұрысып алып төсекте айқаса кету біртүрлі, иә. Осындайда әжелеріміздің бір сөзі бар еді, айтуға да тіл бармайды...

Жарайды, ерлі-зайыптының арасында болып тұрады мұндай жағдай. Бір-біріне өкпелі болғанмен, «қайсымыз бірінші бастар екенбіз?» деп күтіп жүреді ішінен. Оны да мойындау керек.

Шешімі біреу-ақ!

Ертерек жараспаса, өкпенің соңы «созылмалы» дертке жалғасып кетуі мүмкін. Сондықтан да, мұндайда әйелдің бірінші қадамға барғаны жөн екен. Күйеуіне сөйлемей-ақ бір сүйкеніп өткеннің өзі керемет нәтиже береді. Сол күні жарасып шыға келесіз. Бұл да төсек қатынасынан бас тарта қоятындай негізгі себеп емес...

3-себеп: бір-біріне сезімнің сууы

Міне, маңызды себеп деп осыны айтуға болады. Бұл әдетте балалар есейе бастаған сәтте орын алуы мүмкін. Сіз қыздарымен анасы бір бөлмеде, ал әкесі ұлдарымен бірге жатуды әдетке айналдырған отбасыны көрген бе едіңіз? Демек, оларда төсек қатынасы өте сирек немесе мүлде болмауы да мүмкін. Тек сыртқы жұртқа ғана жарасымды отбасы болып көрінулері де ғажап емес.

Шешімі қандай?

Бұл әрине, әркімнің жеке мәселесі. Бірақ жақсы емес. Өздеріне ғана белгілі себебі болуы мүмкін. Дегенмен, ерлі-зайыптының бірі төсектен бас тартқанда, екіншісі «етегіне намаз оқып» жүре бермеуі де мүмкін. Төсек – қай жаста да керек. Тіпті, осы жағдайға алдыңғы себептердің кесірінен қалай жеткенін білмей қалатындар да бар. Оны қалай қалпына келтірерін білмей жүрген шығар? Яғни, алдыңғы екі себепті дер кезінде шешпесе, осы үшінші себепке келіп тірелгенде, мәселе қиындай береді.

Рас, бұл әркімнің жеке мәселесі. Бірақ сол оңаша отаудағы «көрпе астының» мәселесі былайғы өмірде көп кедергісі келтірерін білетін боларсыз. Тән қалауына қанып шыққан адамның көңіл-күйі жақсы, көңіл-күйі жақсы адамның ойы сергек, ойы сергек адамның шаруасы тыңғылықты, шаруасын тындырып істейтін адамның ісі алға жүреді, ісі алға басқанның қалтасы қалыңдайды, қалтасы қалыңның отбасында бәрі жетеді, отбасында жетіп тұрса, әйелдің де, еркектің де көңілі тыныш, даңғарадай үйі, бөлек бөлмесі болады... десем, «қуып кетті» демеңіздер. Бұл шындық!

Қысқасы, некелі ақ төсектен ешқашан бас тартпаңыз!

Жайнаған Байтұрым.