Швейцарияға жұмыс сапары барысында премьер-министрдің орынбасары – сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Адам құқықтары бойынша БҰҰ Кеңесінің 49-сессиясына қатысты.
Форум аясында министр Хьюман Райтс Уотч (Human Rights Watch) атқарушы директоры Кеннет Ротт және Халықаралық Қызыл Крест комитетінің Президенті Питерм Маурермен кездесті. Мұхтар Тілеуберді оларды адам құқықтарын сақтау бойынша еліміздегі жағдаймен таныстырды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Қазақстан алдағы үш жылда Адам құқықтары жөнінде БҰҰ Кеңесіне мүше болады. Бұл ұйымдағы жұмысымыз халықаралық қатынастар шиеленісіп, елімізде саяси реформалар өтіп жатқан құбылмалы кезеңде басталды. Кеңестің 49-сессиясының жоғары деңгейдегі жиналысында сөз алған Мұхтар Тілеуберді осы үкіметаралық органға Қазақстанның екінші рет қосылу шешімі ұлттық және халықаралық деңгейде еліміздің адам құқықтарын табанды түрде сақтау ниетіне негізделген деді. Министр осы саладағы БҰҰ-ының Жоғары органдарымен еліміздің бірлескен жұмыс тәжірибесі мен қаңтарда Қазақстанда болған оқиғаларды тергеу барысы туралы айтып берді.
" Наурыз айының ортасында Президентіміз мәлімдеме жасап, тергеудің алғашқы қорытындыларын жариялайды. Оған қоса тергеу амалдары кезінде ұсталғандардың құқықтарының сақталуына ерекше көңіл бөлініп отыр. Адам құқықтары бойынша омбудсменіміз және үкіметтік емес ұйымдар ұсталғандарды азаптау жағдайларын анықтаған. Бұл істер бас прокуратурада қаралып, сотқа тапсырылады. Осындай әр жағдайды мұқият қарастырып отырмыз", - деді, ҚР Сыртқы істер министрі, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, Мұхтар Тілеуберді.
Мұхтар Тілеуберді Комитеттегі әріптестерін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси және экономикалық реформалар бағдарламасын жүзеге асыру барысымен таныстырды. Қазақстан адам құқықтары жөнінде негізгі 8 халықаралық келісім және олардың 6 факультативті хаттамасын ратификациялады. Президентіміздің бастамасымен елде саяси реформалардың 4 пакеті жүзеге асып, ,,халық үніне құлақ асатын мемлекет,, қағидаты енгізіліп, бейбіт жиналыстар мен кәсіподақтар жөнінде жаңа заңдар қабылданып, өлім жазасын жоятын Факультативті хаттама да ратификацияланды.
"Өз сөзімде Қазақстанда өткізіліп жатқан саяси реформалар жөнінде толық ақпарат бердім. Бүкіл халықаралық қауымдастық елімізде болып жатқан өзгерістерді байқап, Президентіміз жүргізіп жатқан саяси реформаларына үлкен қолдау білдіріп отыр. Мұхтар Тілеубердінің мәлімдеуінше, Қазақстан саяси жаңғырту, ашық экономика және сыбайлас-жемқорлықпен күресу бағытынан айнымайды. Жаңа Қазақстанның күн тәртібінде ең алдымен азаматарының тұрмысын жақсарту міндеті тұр", - деді деді, ҚР Сыртқы істер министрі,ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, Мұхтар Тілеуберді.