Әлемде өз елінен тыныштық таппаған миллиондаған адам өзге мемлекеттерді паналауға мәжбүр.
ERNUR.KZ. Қазір климаттың өзгеруі ғалымдармен қатар қарапайым тұрғындарды да алаңдатып отыр. Бұл мәселеге әсіресе жастар жағы көп бас қатыратын көрінеді, деп жазады baq.kz.
Әлемде өз елінен тыныштық таппаған миллиондаған адам өзге мемлекеттерді паналауға мәжбүр. Дүниежүзілік банктің мәліметінше, 2050 жылы олардың қатарына тағы 216 миллион адам қосылуы мүмкін. Бірақ оған себеп – қарулы қақтығыстар емес. Бұл адамдар климаттың өзгеруі салдарынан босқынға айналатын түрі бар. Олар орман өрті, су тасқыны, дауыл мен қуаңшылық кесірінен туған жерін тастап, өмір сүруге қолайлы орта іздеуге мәжбүр. Мамандар бүгіннің өзінде жер бетіндегі орташа температура индустрияға дейінгі кезеңмен салыстырғанда, 1,2 градусқа жоғары екенін айтады. Соның салдарынан әсіресе Африка елдерінде «климаттық босқындар» көбеюі мүмкін. Сондай-ақ Азияда, Латын Америкасы мен Шығыс Еуропада да табиғат апаттарынан қоныс аударуға мәжбүр болғандар қатары артуы ықтимал.
АҚШ-та мұндай жағдай қазірдің өзінде байқалып отыр. Мәселен, америкалықтардың 79 пайызы табиғи апаттар жиі болып тұратын ауданнан үй алмайтындарын айтады.
"Былтырғы статистиканы келтірейін. Өткен жылы табиғат апаттары салдарынан 31 миллион адам қоныс аударған. Жыл сайын көрсеткіштер тек артып барады. Сөйтіп климаттық босқындардың қарулы қақтығыстан қашқан азаматардан асып кететін түрі бар. Табиғат апаттарынан ашқұрсақ жүргендер қатары да артып барады. Коронавирусқа дейін ондай 26 миллион адам болған. Қазір бұл көрсеткіш одан да көп. Сарапшылар ауаға бөлінетін зиянды заттардың мөлшерін азайту керектігін айтады. Негізі коронавирус пандемиясы кезінде әлемде экологиялық ахуал біршама жақсарып қалды деген ақпарат пайда болған еді. Алайда БҰҰ-ның соңғы баяндамасына сәйкес, карантин шаралары уақытша әсер берген екен. Сөйтіп көміршқышқыл газының мөлшері қайтадан бұрынғы көрсеткіштерге жетіп қалыпты. Атмсоферадағы парниктік газдардың мөлшері әлі де рекордтық деңгейде", – дейді БҰҰ Бас хатшысының апат қаупін азайту жөніндегі арнайы өкілі Мами Мизутори.