ДДСҰ: Еуропада мерекелерден кейін індет өршуі мүмкін

0
1 242

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы індеттің өршуіне жол бермес үшін қосымша шараларды қабылдауға шақырады.


ДДСҰ: Еуропада мерекелерден кейін індет өршуі мүмкін

ERNUR.KZ. Еуропада алдағы мерекелерде шектеулер сақталмаса, індет қайта өршуі мүмкін, деп хабарлайды Хабар24.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы кәрі құрлық елдерін осылай деп ескертіп жатыр. Халықаралық құрылым індеттің өршуіне жол бермес үшін қосымша шараларды қабылдауға шақырады. Мысалы, адамдардың көптеп жиналмауын қадағалап, мерекелік іс-шараларды өткізу тәртібін бақылауда ұстау керек дейді.

Коронавирус төңірегіндегі ахуалдың күрделене түсуіне байланысты Ұлыбритания астанасы мен оның төңірегіндегі аудандарда шектеу шаралары мейлінше күшейтілді. Енді кинотеатрлар мен театрлар жұмыс істемейді. Мейрамхана мен дәмханалар да қызметін тоқтатқан. Көпшілік шара өткізуге де рұқсат жоқ. Көшеде 6 адамнан артық жиналуға болмайды.


– Вирус жұқтыру деректері көбіне 10 мен 19 жас аралығындағы адамдар арасында тіркеліп жатыр. Соңғы аптада осы жастағы азаматтардың инфекцияға шалдығу көрсеткіші 75 процентке артып кетті. Сондықтан лондондықтарды тәртіпке бағынып, ережелерді қатаң сақтауға шақырамын. Тек осылай ғана біз вирус жұқтыру дерегін азайта аламыз, - дейді Лондон қаласының мэрі Садик Хан.


Ал Германияда шектеу шаралары одан да қатты күшейді. Яғни бүкіл ел бойынша барлық мекеме жабылды. Тек азық-түлік дүкендері мен дәріханалар ашық. Қатаң локдаун қаңтардың онына дейін жалғасады. Президенттің айтуынша, ел тарихында мұндай жағдай бұрын-соңды болмаған. Сондықтан болар, тұрғындар локдаунға бір күн қалғанда жаппай дүкен жағалап, ішер асын, берер сыйын алдын ала қамдап алуға тырысты.

Францияда керісінше локдаун алынды. Оның орнына коменданттық сағат жарияланды. Енді кешкі сағат сегізден таңғы алтыға дейін тұрғындардың сыртқа шығуына болмайды. Рұқсат тек Рождество түнінде беріледі. Францияда локдаунның алынуына қарамастан, шектеу шараларының көбі күшін жоймаған. Әлі күнге дейін мұражайлар, театрлар мен кинотеатрлар жабық. Табыссыз қалған мәдениет саласының мамандары наразылық білдірді.

Нидерландта да қазір қатаң карантин. Жергілікті биліктің айтуынша, ол 19 қаңтарға дейін жалғасады. Осылайша, билік өкілдері соңғы аптада рекордтық деңгейге жеткен коронавирустық инфекция көрсеткішін төмендетпек. Жаңа тәртіпке сай, сұлулық салондары, мұражайлар, спорт залдары мен басқа да қоғамдық орындар жабылады. Дүкендер де қызметін тоқтатуға мәжбүр.