Доллар қолдануға тыйым салынуы мүмкін

0
956

Бастама парламент қарауына шығарылды.


Доллар қолдануға тыйым салынуы мүмкін

ERNUR.KZ. Иран АҚШ долларын қолданудан толығымен бас тартуды қарастырып отыр, деп жазады 24.kz.

Бұл туралы бұрыннан бері әңгіме қозғалып жүргенімен, тек енді ғана бұл бастама парламент қарауына шығарылды. Егер осы жоба депутаттардың қолдауын тапса, Иран қаржы жүйесінде АҚШ валютасын пайдаланбайды. Тегеран көрші елдерді де осындай қадам жасауға шақырып отыр.

Осыдан екі ай бұрын Иран парламентінің депутаттары межлис спикеріне сыртқы және ішкі саудада доллар қолдануға толық тыйым салу бастамасын ұсынған болатын. Ел тұрғындарына қолдағы бар АҚШ валютасын риалға ауыстыруға жеткілікті мерзім берілді. Ресей, Қытай, Түркия және Үндістан халықаралық есептесулерінде де біртіндеп доллар қолданудан бас тарта бастады.

Наджмодин Ахманд, экономист: - Бұл ел экономикасына және Иранның сыртқы саудасына зиян келтірген жоқ. Тегеран бұрынғыша сенімді серіктес болып отыр. Бұл – АҚШ-тың әрекетіне пара-пар жауап ретіндегі шара. Көп жыл бойы жанжалдассақ та, доллар қолданып келдік. Мұның көңілге қонбайтынын мойындау керек.

Бүгінде Тегеран көрші елдерді де өзара есептесуде доллардан бас тартуға шақырып отыр. Жергілікті сарапшылардың пікірінше, осылайша Вашингтонның аймақтағы экономикалық ықпалын әлсіретуге болады.

Мариам Шокрани, экономикалық талдаушы: - Америка қуатының негізін доллар да құрайтыны белгілі. Вашингтон қимылы экономикалық қысым деп бекер атап жүрген жоқ, өйткені бұл санкциялардың барлығы бір адамға емес, қарапайым ирандықтардың тұрмысына кері әсер тигізіп отыр. Өкінішке қарай, жаңа тарихымызда осыған ұқсас жағдайлар болған, бірақ Иран мұндай қысымға көнбейді.

Ал Америка Құрама Штаттары Иранның бұл қадамына алаңдар емес. Беделді қаржылық сарапшылар соңғы кезде доллар бағамы төмен түскенін мойындаса да, үрейленуге негіз жоқ дейді. Бүкіл әлемнің жалпы ішкі өнімінде АҚШ үлесі 22 процентті құрайды, сондай-ақ халықаралық сауда-саттықтың 80% астамы доллармен жүреді. Осындай көрсеткіштері бар Американың валютасын құлдырату оңай шаруа емес.