Египет археологтары тарихи олжаға тап болды

0
2 689

Құнды жәдігерлерді біздің заманымызға дейінгі 16-11-ғасырларға жатқызуға болады.


Египет археологтары тарихи олжаға тап болды

ERNUR.KZ. Каирдің маңынан ежелгі храм мен 50-ден астам табыт табылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алдын ала мәлімет бойынша, құнды жәдігерлерді біздің заманымызға дейінгі 16-11-ғасырларға жатқызуға болады. Тарихшылардың пікірінше, мазар көне заманның құпиясын ашуға көмектесуі мүмкін. Себебі сақталған құжаттар бойынша, осы орында Ежелгі Мысыр астанасы – Мемфистің басты қорымы болуы ғажап емес.

Тарихи қазба жұмыстары өткен жылдың қыркүйегінде басталды. Содан бері археологтар күнде жаңалық ашып отырды. Храм мен ежелгі табыттар 15 метр тереңдіктен табылған.


– Храм 6 әулеттің алғашқы билеушісі Тети перғауынның жұбайы – Нейт патшайымға арналып салынған деп топшылаймыз. Себебі табылған барлық заттар Тетидің мазарына жақын жерде. Бұл – үлкен олжа. Аталған перғауынның билеген дәуірі туралы дерек атымен жоқ болатын. Енді сол кездің дәстүрі мен мәдениетін түсінуге жол ашылмақ, - деді археологтар тобының жетекшісі Махмұд Ашраф.


Каирден 30 шақырымда орналасқан Саккара қонысы 3 мың жыл бұрын Еежелгі Египеттің астанасы Мемфистің басты киелі орны болған. Қыркүйектен бері бұл маңнан мумияланған 140 табыт табылды. Негізі бұл – осы аумақта болуы тиіс артефактардың бір ғана проценті.


– Қазір Саккара ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұрасына жатады. Бұл жерде Египеттің жаңа тарихының үлкен қоры жатқанына сенімдімін. Ежелгі мысырлықтар жай ғана жерлене салмаған. Бұл рәсімдерде қаншама дәстүр, өмір салты сақталады, - дейді мысыртанушы Марван Хенали.


Табыттарға құнды заттар, жазулар, мүсіндер, киім-кешек қоса салынған. Табылған барлық табыт ағаштан жасалған. Сондықтан асқан сақтық қажет. Жәдігерлердің әр сантиметрі қымбат. Археологтар және уақытты анықтайтын мамандардың жұмысы кемінде әлі 2 жылға созылмақ.