Инфекцияға шалдыққандардың орташа жасы 60-тан 30-ға дейін төмендеген.
ERNUR.KZ. Италияда бір тәулікте 1 мыңнан аса коронавирус жұқтыру оқиғасы тіркелді. Бұл - карантин шаралары алынғаннан кейінгі ең жоғары көрсеткіш. Мұндай статистика Италияда соңғы рет мамырда тіркелген, деп жазады ҚазАқпарат.
Сарапшылардың пікірінше, оған демалыс маусымы себеп. Өйткені демалушылар жаз айларында алдын алу шараларына көңіл бөлмейді: жағажайда көпшілігі маска тағу тәртібін сақтамайды, дәмхана мен мейрамханалардағы жағдай да осындай. Сондай-ақ Италия билігі инфекцияға шалдыққандардың орташа жасы 60-тан 30-ға дейін төмендегенін байқаған.
Ұлыбританиядағы ахуал да мәз емес: тәулігіне 1200 адам вирус жұқтырған. Манчестер маңындағы қалаларда ерекше санитария тәртібі енгізілді, ол жерде COVID-19-дың жаңа ошағы анықталған. Жергілікті тұрғындарға 20 адамнан асатын іс-шараларға қатысуға тыйым салынған, сонымен қатар қоғамдық көлікке мүмкіндігінше мінбеу ұсынылады.
Германияда қоғамдық іс-шаралар ұйымдастыруға рұқсат етілген, бірақ алдын алу шараларын қатаң сақтау міндеттеледі.
Дегенмен, күзгі фестивальдердің өту-өтпеуі белгісіз болып тұр, өйткені Еуропа елдері секілді ГФР-да да COVID-19 індеті өршіп барады.