«Eurovision-2019» байқауында Нидерланды әншісі жеңімпаз атанды

0
1 149

Нидерланды елі соңғы 44 жылда алғаш рет «Eurovision»-ның жеңімпазы атанды


«Eurovision-2019» байқауында Нидерланды әншісі жеңімпаз атанды

ERNUR.KZ. Израильдің Тель-Авив қаласында «Eurovision-2019» ән байқауының гранд-финалы өтті, деп жазады inform.kz.


Халықаралық байқаудың ақтық сынын қазақстандықтар «Хабар» арнасынан тікелей тамашалай алды. Эфир бүгін сағат 01.00-де басталып, төрт сағатқа жалғасты.

Гранд-финалда 26 елдің әншілері өнер көрсетті. Олар 14-17 мамыр аралығында болған жартылай финалдық екі іріктеу кезеңінен сүрінбей өткендер. Атап айтқанда, Мальта елінен Микела есімді әнші, Албаниядан - Джонида, Чехиядан - «Малави көлі», Германиядан - S!Sters, Ресейден - Сергей Лазарев, Даниядан - Леонора, Сан-Маринодан - Тамара Тодевска, Швециядан - Джон Лундвик, Словениядан - Зала Краль мен Гашпер Шантл, Кипрдан - Тамта, Нидерландыдан - Дункан Лоуренс, Грециядан Катерина Дуська, Изарильден - Коби Марими, Норвегиядан - KeiiNO, Ұлыбританиядан - Майкл Райс, Исландиядан - Хатари, Эстониядан Виктор Крон, Беларусьтан - Zena, Әзербайжаннан - Чингиз, Франциядан - Билал Хассани, Италиядан - Махмуд, Сербиядан - Невена Божович, Швейцариядан Лукка Ханни, Австралиядан - Кейт Миллер, Испаниядан Мики сахнаға шықты.

Жеңімпаз 41 елден сайланған қазылар алқасының бірлескен шешімімен және көрермендердің дауыс беруі арқылы анықталды. Әділқазылар белгіленген 12 ұпайды қай елге беретінін бір күн бұрын шешіп қойса, көрермендердің дауысы тікелей эфирде қабылданды. Қазылардың шешімі қатаң құпияда сақтала отырып, Еуропалық хабар тарату одағына жолданады. Кейін, ол гранд-финалдың эфирінде жарияланып, телекөрермендердің дауысымен қосылып есептеледі. Айта кетейік, Беларусьтың қазылар алқасының шешімі құпиялылықтың сақталмауынан жарамсыз болып танылды. Дегенмен, бұл елдің халқы байқаудағы өз фавориттеріне балдарын бере алды.

Нәтижесінде, 492 ұпаймен Нидерланды әншісі Дункан Лоуренс жеңімпаз атанды. 465 балл жинаған италиялық әнші Махмуд - екінші, 369 ұпай алған Ресей әншісі Сергей Лазарев үшінші орыннан көрінді.

Нидерланды «Eurovision» байқауында соңғы рет 1975 жылы жеңіске жеткен болатын. Гранд-финалда қонақ ретінде белгілі америкалық поп-әнші Мадонна, аталмыш байқаудың 1979 жылғы жеңімпазы Гали Атари, сондай-ақ Кончита Вурст (2014 жылғы жеңімпаз), Монс Зелмерлев (2015 жылғы жеңімпаз), ресейлік әнші Верка Сердючка және тағы басқалары ән айтты. Биыл 64-інші рет ұйымдастырылған шараға 41 мемлекет қатысты. 2000 жылдан бастап 5 мемлекеттің (Франция, Германия, Италия, Испания, Ұлыбритания) және сайысты қабылдайтын елдің (осы жылы Израиль) қатысушылары гранд-финалға автоматты түрде өтеді. Израиль Eurovision-ді бұған дейін екі рет (1979 және 1999 жылдары) өткізген болатын.

Айта кетейік, 2018 жылғы байқау Португалияда (Лиссабон қаласы) өтті. Аталмыш елге конкурсты қабылдау құқығы португалиялық әнші Сальвадор Собрал Киевтегі «Eurovision-2017»-де жеңіске жеткеннен кейін берілді. Ал Израильге жеңісті былтыр әнші Netta (Нетта Барзилай) алып келген болатын. Қазақстан әлемдік ән додасында бірде-бір рет бақ сынаған жоқ. Ал балалар Еуровидениесіне 2018 жылы еліміз атынан алғаш рет Данэлия Төлешова қатысып, 6-орыннан көрінген еді.