Германияда ауадан ақша табуға болады

0
433

Сынамалы жобаға әзірше 122 адам қатысады.


Германияда ауадан ақша табуға болады

ERNUR.KZ. Германия тұрғындарына ғылыми тәжірибе аясында ақша үлестірілетін болды. Ай сайын оларға 1200 еуродан беріледі, бұл 600 мың теңгеден асатын сома, деп хабарлайды Хабар24.

Сынамалы жобаға әзірше 122 адам қатысады. Үш жыл бойы жобаға қатысушылардың банк карточкаларына ай сайын 1200 еуро түсіп отырады. Яғни әрқайсысы 43 мың еуро алады. Бұл үшін не істеу қажет? Ештеңе! Тек кейде анкеталарды толтырып, қосымша табыс өмірін қалай өзгерткені жайлы жазуы керек. Тәжірибеге кәсібі мен табысына қарамастан Германияның 21 жастан асқан кез келген тұрғынына қатысуға болатын. Ауадан ақша алғанды қалайтындар көп болып шықты. Бастапқы үш күнде бір миллионнан астам сұраныс түскен. Алайда ақтық іріктеуден 122 адам ғана өтті.


– Іріктеуден орташа көлемдегі жалақы алатын және жалғыз тұратын 21-40 жас аралығындағы адамдар өтті. Біз қосымша табыс қоғамға қаншалықты пайдалы болатынын білгіміз келеді. Атап кету керек, тәжірибемізге ақшаға мұқтаж емес немесе жалақысы жақсы адамдар да қатысып жатыр, - дейді жобаның негізін қалаушы Михаэль Бомеер.

Жоба ұйымдастырушылары қосымша табыстың адамға, оның әдетіне, ең бастысы – көңіл-күйіне қалай әсер ететінін зерттемек. Қатысушылар ақшасы көбейсе, бақытты бола ма және де бұл оларды өзін-өзі дамытуға немесе қайырымдылыққа итермелей ме? Осының барлығын ғалымдарға пилоттық жоба аясында анықтауға тура келеді.


– Нәтижелерді анкета және сұхбаттың көмегімен алуды көздейміз. Оған қоса біз кортизола деңгейін – стресс гормондарын талдау үшін шаш үлгілерін алғымыз келеді. Әлемде көптеген ұқсас эксперименттер өткізілген. Мысалы, ғалымдар қосымша табыстың арқасында адамдардың одан да тиімді жұмыс істей бастағанын анықтады. Сонымен қатар психикалық және эмоционалды жағдайы жақсара түседі. Бұл адамның өзіндік дамуына да әсер етеді, - дейді жобаның негізін қалаушыМихаэль Бомеер.

Бұл тәжірибе демеушілердің көмегімен іске асты. 180 мың адам жобаны қолдап, келер үш жылда да қаржыландыруды ұйғарған. Егер демеушілер саны өсе түссе, ұйымдастырушылар одан да көп ақша таратуға уәде беріп отыр.