Иракта ереуілшілер Президент сарайына басып кірді

0
536

Күштік құрылымдар атыс қаруы мен көзден жас шығаратын газ қолданды, қалаға әскер кіргізіліп, коменданттық сағат енгізілді.


Иракта ереуілшілер Президент сарайына басып кірді

ERNUR.KZ. Шейіт имам Муктада ас-Садр Ирактың ең ықпалды саясаткерлерінің бірі. Оның елде миллиондаған қолдаушылары бар. Имам саясаттан кететінін мәлімдегеннен кейін оның жүздеген қолдаушылары Бағдаттың шетелдік миссия өкілдері отыратын «Жасыл дәлізіне», артынан Президент сарайына басып кірді, деп жазады ҚазАқпарат.

Күштік құрылымдар атыс қаруы мен көзден жас шығаратын газ қолданды, қалаға әскер кіргізіліп, коменданттық сағат енгізілді.

Қақтығыстың салдарынан кемінде 15 адам өліп, 200-ден астамы жарақат алды.

Түркиялық Анадолы агенттігінің хабарлауынша, Садрдың жақтаушылары үкіметтің отставкаға кетуін талап етіп жатыр. Осыдан екі күн бұрын Садр АҚШ елге басып кірген 2013 жылдан кейін саясатқа араласқандардың барлығының (Садрдың өзінің блогын қоса алғанда) лауазымдарынан кетуін талап етті.

Ирактың INA агенттігінің хабарлауынша, тәртіпсіздіктер басталғаннан кейін Муктада ас-Садр күш көрсету әрекеттері тоқтағанға дейін аштық жариялады. Алайда имамның кеңсесі мұны растамады.

Ирактың Премьер-Министрі Мустафа аль-Казыми Біріккен жедел әскери қолбасшылық өкілдерімен кезектен тыс кеңес өткізіп, ереуілшілердің өлімі бойынша тергеу жүргізуді тапсырды. Өйткені қаруланған сарбаздарға көпшілікке оқ атуға тыйым салынған еді.

Кувейттің Ирактағы елшілігі өз азаматтарын елден кетуге, ал Иракқа енді барғалы жатқан азаматтарға бір-бірімен бәсекелес шейттік топтардың тәртіпсіздіктеріне байланысты сапарды кейінге шегере тұруға шақырды.

Осыған дейін, яғни дүйсенбі күні Бағдат көшелерінде садристер «Үйлестіру құрылымы» деген атаумен белгілі ирандықтарға жақын шейіт топтарымен атысқан болатын.

Иракты қолдау жөніндегі БҰҰ миссиясы (UNAMI) болған жағдайды өте қауіпті шиеленіс деп атап, барлық тараптарды жағдайдың бақылаудан шығуына апаратын әрекеттерден аулақ болуға шақырды.

«Қазір Ирактың мемлекет ретіндегі өміріне қауіп төніп тұр», деп ескертті миссия өкілдері.

АҚШ өкілдері сонымен қатар Бағдаттағы тәртіпсіздіктер туралы хабарларға қарамастан халықты тыныштыққа шақырды.