Иранда наразылықтар күшейе түсті

0
993

Бүкіл Иранда, оның ішінде, Тегеран, Исфахан, Караджа, Мешхед, Решт, Саккес және Сенендеджде Махсаның өліміне байланысты тәртіпсіздіктер болып жатыр.


Иранда наразылықтар күшейе түсті

ERNUR.KZ. Иранда "хиджабты дұрыс кимегені үшін полицейлерден соққы жеп" қайтыс болған Махса Аминидің өліміне байланысты жаппай наразылық әлі де басылар емес, деп жазады tengrinews.kz.

Бүкіл Иранда, оның ішінде, Тегеран, Исфахан, Караджа, Мешхед, Решт, Саккес және Сенендеджде Махсаның өліміне байланысты тәртіпсіздіктер болып жатыр. Тәртіп сақшылары наразы тұрғындарға қарсы патрон және көзден жас ағызатын газдар қолданған.

Желідегі ақпарат бойынша, 10 жастағы қыз жарақат алған. Желідегі кадрдан наразылыққа шыққандардың ішінде жараланғандар да барын көруге болады. Одан бөлек, тұрғындар тәртіп сақшыларының көлігін аударып жатқан видео да бар.

Елде жаппай өрт қойыла бастаған. Наразы топтар мемлекеттік ғимараттарды басып алып, көшбасшыларының портреттерін қиратып жатыр.

Пираншехр қаласында полиция наразы топтардан қашып жатыр.

Айта кетейік, әлеуметтік желіде Иран азаматтарын наразылыққа шығуға үгіттеп жатқандар бар. Оны ирандық оппозиция таратып жатқан көрінеді.

Еске салайық, Иранның Күрдістан бөлігінде тұратын 22 жастағы Махса Амини өткен сейсенбіде Тегеранға келген. Метродан шығып келе жатқан кезде оны полицейлер ұстаған. Себебі Амини хиджабты дұрыс тақпай, шашы көрініп қалған.

Ұсталғаннан кейін бірнеше сағаттан соң Амини комаға түсті. Ал 16 қыркүйекте ауруханада қайтыс болды. Куәгерлер полицейлер қызды ұрып-соқты деп айыптап жатыр. Бірақ полиция генералы Хоссейн Рахими бұл өтірік екенін, қыздың жүрегі ұстап қалып көз жұмғанын айтқан. Бірақ туыстары бұл сөзге сенбейді. Олардың айтуынша, Махсада жүрек ауруы ешқашан болмаған.