"Қан төгілгенін қаламаймын": Мали президенті отставкаға кетті

0
547

Мемлекет басшысы өз өкілеттілігін тоқтатамын деп шешкен.


ERNUR.KZ. Елдегі көтерілістен соң Мали президенті Ибрагим Бубакар Кейт отставкаға кетті, деп жазады Tengrinews.kz.


"Осы уақыттан бастап, өз өкілеттігімді тоқтатамын деп шешім қабылдадым. Мен билігімнің сақталғаны үшін қан төгілгенін қаламаймын", - деді президент тікелей эфирде.

Сонымен қатар, ол елдің парламенті мен үкіметі таратылатынын мәлімдеді.

Айта кетейік, осыған дейін Малиде көтерілісшілер президент Ибрагим Бубакар Кейт пен премьер-министрді кепілге алған еді.
Жергілікті және батыс бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, көтеріліс дүйсенбіде Мали астанасы Бамаконың маңындағы әскери күштердің базасында басталған.

"Президент пен премьер-министр біздің бақылауымызда. Біз оларды президент резиденциясында қамауға алдық. Қазіргі таңда президент пен премьер-министр бронетранспортерда отыр. Біз оларды Катиға апара жатырмыз", - дейді Франс Пресс агенттігіне көтерісшілердің бірі.

Мали үкіметі осыған дейін көтерісшілерді сабыр сақтап, диалог орнатуға шақырған. Премьер-министр коммюникеге де қол қойған болатын.

Жергілікті БАҚ-тың хабарына қарағанда, көтерісшілерді Дьяу және Камара есімді полковниктер, генерал Шейк Фантамади Дембеле басқарып отыр.