"Қазақтар артық кетті" деген Қырғызстан басшысы қызметінен кетті

0
1 497

​Жырғалбек Саматов қызметінен кеткеннен кейін бірден жаңа президент тағайындалды


ERNUR.KZ. Қырғызстанның көкбөрі федерациясының президенті Жырғалбек Саматов қызметінен кетті. Федерация құрылтайында өкілдер осындай шешім шығарды, деп жазады sputniknews.kz.

Федерация өкілдері өз шешімінің екі себебі барын айтып өтті. Біріншісі – федерация жетекшілігінің Астана қаласында өткен халықаралық көкпар ассоциациясының отырысына Қырғызстанның атынан бармауы. Екіншісі – Саматовтың халықаралық көкбөрі федерациясының бас хатшысы болып тағайындалуы. Осы себептен ол Қырғызстан бірлестігінде қызмет ете алмайды.

Саматов ҚР көкбөрі федерациясының президенті болып өткен жылдың шілде айында сайланды. Бұл уақытқа дейін Жогорку Кенеш депутаты болған.

Қырғызстан көкбөрі федерациясының жаңа басшысы кім

Федерация президенті қызметінен кеткеннен кейін бірден сайлау өтіп, орнына жаңа басшы тағайындалды. Ол "Северэлектро" ААҚ бас директоры Ескендір Қадырқұлов. Мұндай шешім әлемнің түкпір-түкпірінен келген өкілдер қатысқан федерация съезінде қабылданды.

Естеріңізге сала кетсек, Қырғызстандағы көкбөрі федерациясының бұрынғы президенті Жырғалбек Саматов Өзбекстанда өтетін алдағы көкпардан әлем чемпионатында қазандықтың орнына шеңбер пайдаланылатын болса, қырғыз құрамасының оған қатысудан бас тартатынын мәлімдеген болатын.

Астанада өткен бүкіләлемдік көкпар қауымдастығының кеңесіне Қырғызстан өкілдері қатыспады. Қауымдастықтың қалған мүшелері толығымен қазандықтан бас тарту идеясын қолдап, жаңа ереже бекітті. 2019 жылдың күз айында Өзбекстанда өтетін әлем чемпионатында қазандықты шеңбер алмастырады.