«Хелен» дауылы АҚШ-та әлек салып жатыр

0
241

4-ші санаттағы дауыл кезінде Флориданың солтүстігіндегі Биг-Бенд аймағында желдің максималды жылдамдығы 140 мильге (225,3 км/сағ) жетті.


«Хелен» дауылы АҚШ-та әлек салып жатыр

ERNUR.KZ. «Хелен» дауылы Флорида жағалауына жетіп, Джорджия мен Оңтүстік Каролинаға бет алды. Қаза тапқандар бар, деп жазады inform.kz.

4-ші санаттағы дауыл кезінде Флориданың солтүстігіндегі Биг-Бенд аймағында желдің максималды жылдамдығы 140 мильге (225,3 км/сағ) жетті.

Атап өтілгендей, толқындардың биіктігі 20 футқа (6 метр) жеткен. Леви округіне қарасты Сидар-Ки қаласындағы Ұлттық мұхит қызметінің толқын өлшегіші су деңгейінің орташа толқыннан 8,68 фут (2,6 метр) жоғары екенін хабарлады, бұл штатта су тасқынына себеп болды.

Флориданың 67 округінің 61-інде төтенше жағдай жарияланды, ал бірнеше округте эвакуациялау туралы бұйрық берілді.

Power Outage.us сайтының мәліметінше, Флоридада 1 036 553 үй мен кәсіпорын электр қуатынсыз қалды.

Дауылдарды бақылау Ұлттық орталығының хабарлауынша, Флорида штатының Перри-Фоли әуежайында желдің екпіні 99 мильге (159 км/сағ) жеткені тіркелген.

Флорида штатының Тампа қаласында көлігіне белгі құлаған бір жүргізуші қайтыс болды.

Алапат дауыл Джорджияның оңтүстігіне қарай бет алып, максималды тұрақты желдің жылдамдығы сағатына 110 мильге жетеді, бұл «Саффир-Симпсон» дауылдар шкаласы бойынша 2-ші санатқа сәйкес келіп отыр.

Джорджияның оңтүстігіндегі Валдоста, Томасвилл және Куитман қалалары «экстремалдық жел туралы ескерту» алды. Тұрғындарға дереу жабық ғимараттар немесе баспаналарға көшуге кеңес берілді.

Джорджия штатының Уилер округінде қатты жел жылжымалы үйді аударып тастап, салдарынан екі адам қаза тапты.

Президент Джо Байден Оңтүстік Каролинада төтенше жағдай жариялауды мақұлдап, штат үшін 40-тан астам округте «Хелен» дауылына әрекет ету мақсатында федералды ресурстарды бөлуді бұйырды.