Миссия Түркіменстанда он күн болмақ.
ERNUR.KZ. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының көп күттірген миссиясы Түркіменстанға ақыры жетті. Бұл елде ресми дерекке сай, "COVID-19 инфекциясын жұқтырмағандар жоқ", деп жазады Азаттық.
Миссияның жетекшісі Катерина Смолвуд Түркімен билігімен бірге COVID-19 індетіне дайындық пен күрес шараларын тексеретінін айтты. Миссия ұлттық деңгейдегі үйлестіру және бақылау жүйелеріне, эпидемиология ахуалына, зертхана қызметтеріне, науқастарды емдеу жұмыстарының басқарылуына, инфекцияның алдын алу жұмыстарына және қауіп жағдайындағы коммуникацияға зер салмақ.
6 шілденің кешінде жеткен миссия Түркіменстанда он күн болмақ.
ДДСҰ ресми Ашхабадтың “Түркіменстанда коронавирус жоқ” деген мәлімдемесін тексеру үшін екі ай бойы миссиясын жіберуге талпыныс жасап келді.
Смолвудтың айтуынша, 6 миллион халқы бар энергияға бай елде коронавирус пандемиясына байланысты енгізілген шектеулер салдарынан миссияның сапары кешіккен.
“Түркіменстан ұлттық деңгейдегі көпсекторлы COVID-19 індетімен күресуге арналған күштерді жұмылдыра білді; COVID-19 індетіне дайындық және жауап жоспарын бекітті; COVID-19 инфекциясын жоюдың, диагностикалаудың және емдеудің нұсқаулықтарын әзірледі. Денсаулық жүйесінің барлық деңгейіндегі мекемелер мен қызметкерлерді қайта жасақтау – қабылданған ең маңызды қадамдардың бірі. Мұның қатарына ғимараттарды жаңа мақсатта жұмыс істеуге дайындау және денсаулық сақтау қызметкерлерін жаттықтыру кіреді” деді Смолвуд.
Миссия жетекшісінің айтуынша, ДДСҰ Ашхабадқа пандемияның ұзақ мерзімді салдарымен күресуге көмектеспек.
Түркімен билігі елде коронавирус жоқ дегенімен, атын атаудан бас тартқан жергілікті тұрғындар мен дәрігерлер ауруханаға COVID-19 ауруының белгілерімен түсіп жатқан науқастардың барын айтқан.