Қырғыз кәсіпкерлері митингке шықты

0
663

2023 жылғы 1 қаңтардан бастап тауар сататын кәсіпкерлер ақпарат жүйесіне тіркеліп, электронды тауар есеп қағазын пайдалануы тиіс.


Қырғыз кәсіпкерлері митингке шықты

ERNUR.KZ. Бішкекте Талас және Ыстықкөл облыстарының кәсіпкерлері жаңа салық саясатына қарсы митингке шықты, деп жазады ulysmedia.kz.

Азаттықтың Қырғыз қызметінің мәліметінше, ел астанасының Горький атындағы саябағында өтіп жатқан наразылық акциясына 400-ге жуық адам жиналды. Олар биліктен патент жүйесін қалдырып, касса аппараттарын орнатуға 5 жыл мораторий жариялауды талап етті.

Кәсіпкерлердің бірі Медетбек Сүйүнбаев Талас облысынан келген. Азаттық тілшісімен сөйлескен кәсіпкер наразылық акциясына жиналғандардың "артында ешкім тұрмағанын", биліктің жаңа салық саясатына келіспейтінін ашық білдіру үшін бас қосқанын айтты.

Бір күн бұрын, 9 наурызда Талас қаласында да саудагерлер митинг ұйымдастырып, жаңа салық ережелерін алып тастауды талап еткен.

Жақында үкімет басшысы Ақылбек Жапаров "Ала-Тоо 24" телеарнасына берген сұқбатында кәсіпкерлерге касса аппаратын қолдануды міндеттеу "мерзімін кейінге қалдыруы" мүмкін екенін мәлімдеген. Алайда артынша Ақылбек Жапаров Facebook-тегі парағында "наразылық акциялары мен митингілерді ұйымдастырушылар артында ірі контрабанда тауарларын жеткізушілер тұр" деп жазды.

2023 жылғы 1 қаңтардан бастап тауар сататын кәсіпкерлер ақпарат жүйесіне тіркеліп, электронды тауар есеп қағазын пайдалануы тиіс. Салық қызметінің мәліметінше, ақпарат жүйесі - Салық қызметінің бірыңғай порталы, сол арқылы тауар айналымының есебі жүргізіліп, контагентке сатылған тауар туралы мәлімет жеткізіледі.