Қырғызстан мен Тәжікстан бірлескен хаттамаға қол қойды

0
848

Екі елдің үкіметтік делегациялары арнайы отырыс өткізді.


Қырғызстан мен Тәжікстан бірлескен хаттамаға қол қойды

ERNUR.KZ. Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасын делимитациялау және демаркациялау бойынша екі елдің үкіметтік делегациялары арнайы отырыс өткізді. Бұл туралы Қырғызстан үкіметінің баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Azattyq Rýhy.

Баткен облысында өткен кездесуде қырғыз делегациясын Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеттің төрағасы Камчыбек Ташиев, Тәжікстан делегациясын Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің төрағасы Саймумин Ятимов басқарды.

Екі тарап қырғыз-тәжік мемлекеттік шекарасындағы жағдайды реттеуге бағытталған алдағы іс-қимылдар жөнінде пікір алмасты. Делегация басшылары қырғыз-тәжік мемлекеттік шекарасындағы қақтығысты бейбіт жолмен реттеу қажеттігі туралы мәселені талқылады.

Отырыс қорытындысы бойынша бірлескен хаттамаға қол қойылды.

Айта кетсек, Қырғызстан шекара ведомствосының мәліметінше, қазіргі уақытта Қырғызстан мен Тәжікстан шекарадағы қарулы қақтығыс аймағынан әскери қызметкерлер мен техникаларын шығарып жатыр. Қазір жағдай біршама тұрақтанған, атыс тыйылған. Дегенмен шекара бөлімшелері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.

Еске салсақ, Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасындағы қарулы қақтығыс 28 сәуір күні басталған болатын. Тәжікстан шекарашылары қырғыздар су алатын «Головной» (Кок-Таш айылы, Баткен облысы) пунктіне бейнебақылау камерасын орнатқаннан кейін, тұрғындар оны алып тастауын талап еткен. Талап орындалмағаннан кейін екі жақ алдымен таспен, кейін қарумен атыса бастаған.