Жергілікті билік індеттің таралуына жол бермес үшін қажетті шаралар қабылдап жатыр, 17,8 мыңнан астам құстың көзі жойылды.
ERNUR.KZ. Қытайда коронавирус ошағы – Хубэй провинциясымен шектесетін Хунань провинциясында H5N1 жоғары патогенді құс тұмауы тіркелді, деп жазады sputniknews.kz.
Оқиға Шаоян қаласы Шуанцин ауданындағы фермалардың бірінде болған. Бройлер тауықтары өсірілетін кәсіпорында 7850 құс болған, оның 4500-і вирустан өлген.
Жергілікті билік індеттің таралуына жол бермес үшін қажетті шаралар қабылдады. 17,8 мыңнан астам үй құсының көзі жойылды.
Әзірге адамның құс тұмауын жұқтырғаны туралы деректер тіркелген жоқ.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, алғаш рет адамдардың А (H5N1) тұмауын жұқтырғаны туралы фактілер Гонконгте 1997 жылы тіркелген еді. Ол кезде аурудан алты адам көз жұмды.
2003 жылы вирус тағы да тарады. Бұл жолы Қытай мен Гонконгте анықталды. 2003 жылдан 2014 жылдың 5 мамырына дейінгі аралықта әлемнің 15 елінде H5N1 вирусын 665 адам жұқтырды, 392-сі қаза болды.