Лаңкестер чемпиондар лигасы кезінде шабуыл жасайтынын мәлімдеді

0
600

Матчтарда қауіпсіздік күшейтілді.


Лаңкестер чемпиондар лигасы кезінде шабуыл жасайтынын мәлімдеді

ERNUR.KZ. Еуропадағы футболдан чемпиондар лигасының матчтарында қауіпсіздік күшейтіледі, алайда Мадрид, Париж және Лондондағы ойындар "Ислам мемлекеті" жиһадшылар тобынан төнген қауіп-қатерге қарамастан жоспар бойынша өтеді, деп хабарлады УЕФА. Француз және испан билігі де қауіпсіздік шараларын күшейтетінін растады, деп жазады inbusiness.kz.

Сейсенбі, 9 сәуірде Мадридте испаниялық "Реал" және ағылшындық "Манчестер Сити" ойнады, Лондонда ағылшынның “Арсеналы” өз алаңында германиялық "Баварияны" қабылдады.

Бүгін Мадридте испаниялық “Атлетико" өз алаңында германиялық “Боруссиямен” кездеседі, ал француздық “Пари Сен-Жермен” Парижде испаниялық "Барселонамен" допқа таласады.

"Ислам мемлекетіне" жақын интернет-басылымдарда матчтар өтетін стадиондарда шабуыл жасауға шақыратын бірнеше постер пайда болғаннан кейін қауіпсіздік шараларын күшейтуге тура келді.

Ислам мемлекетін жақтайтын арналар шабуылға шақырып, Лондондағы “Эмирейтс” стадионының, Мадридтегі “Сантьяго Бернабеу” мен “Метрополитано” стадиондарының және Париждегі “Парк де Пренс” стадионының суретін жариялады.

Өткен аптада жарияланған тағы бір суретте Мюнхендегі “Альянц Арена” стадионы көрсетілген, онда келесі апта “Бавария” “Арсеналмен” қарымта матч өткізеді.

Францияның ішкі істер министрі Жеральд Дарманен сәрсенбіде Парижде “Барселонаның” ПСЖ-мен матчы кезінде қауіпсіздік шаралары күшейтілетінін айтты.

Испанияның спорт министрі Пилар Алегрия Мадридтегі матчтар қарсаңында тыныштық сақтауға шақырды және қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 2 мыңнан астам полиция мен азаматтық гвардия қызметкері тартылатынын хабарлады.

"УЕФА осы аптадағы чемпиондар лигасының матчтарына лаңкестік қауіп төнуі мүмкін екенін біледі және стадиондардың басшылығымен тығыз байланыста", - деді Еуропалық футбол қауымдастықтары одағының өкілі.

Жиһадшылардың суреті "Ислам мемлекетінің" өзімен ресми байланысы жоқ интернет-медиада жарияланды. Алайда олардың артында дәл осы топ тұр деген болжам бар.

Би-би-си мониторинг қызметі мамандарының айтуынша, Мәскеу маңындағы Крокус Сити холлға шабуыл жасағаннан кейін, топпен бұрыннан байланысы бар арналар шабуылдарға үндейтін материалдарды жиі жариялай бастаған.