Данышпан қыз қазірдің өзінде бірінші курстың бағдарламасының біраз бөлігін игеріп алған.
ERNUR.KZ. Мәскеуде тұратын Алиса Тепликова 8 жасында мектеп бітіріп, 9 жасында университетке түсуге дайындалып жатыр. Жаңа рекорд орнатқан қаршадай қыз жоғары оқу орнының бағдарламасын қазірден игеруде. Отбасындағы вундеркинд жалғыз Алиса емес, деп жазады 24.kz.
Алиса Теплякова 8 жасында бірыңғай мемлекеттік емтиханды сәтті тапсырып, орта білім туралы аттестатты алғаннан кейін бүкіл елге танылды. Енді ол ата-анасының жолын қуып, Мәскеу мемлекеттік университетіне түскелі отыр. Данышпан қыз қазірдің өзінде бірінші курстың бағдарламасының біраз бөлігін игеріп алған. Бұдан басқа, ол үйінде жоғары математика, ықтималдық теориясы, сызықтық алгебра және психология бойынша оқулықтарды оқып жатыр.
"Психолог, биолог немесе бағдарламашы болатын шығармын. Балалар немесе жас ерекшелік психологиясына қызығамын. Балалардың миы қай жаста, қалай дамитыны да қызық", - дейді Алиса Теплякова, 9 жастағы мектеп түлегі.
Алисаның інісі – 7 жастағы Хеймдалль да биыл 9-сыныптың емтиханын тапсырып, аттестат алды. Бұл отбасында екеуінен басқа Лейя, Терра, Айлунг, Фейлунг және Тесей есімді 5 бауыры бар. 4 жастағы Лейя Ресейдегі ең жас оқушы қыз ретінде тіркелген.
"Басында баламыз көп болсын деп жоспарламадық. Жұмысымыз өркендеп, ісіміз алға басты. Кейін бірінен соң бірі 2 баламыз туды. Бірақ қызық көріп, үшінші баланы тудық. Үшеуі болған соң, неге төртіншіні тумасқа дедік", - дейді Тепляковтар отбасының анасы Наталья Теплякова.
"Әуелде балалар тәрбиесімен айналысқым келмеді. Бірақ менде басқа таңдау болған жоқ", - дейді Евгений Тепляков, Тепляковтар отбасының отағасы.
Тепляковтар отбасысы біраз жыл Қытайда тұрды. Ресейге оралған соң ерлі-зайыпты балаларының қатарластарынан көш ілгері екенін байқайды. Бірақ мектептер оқушыларды білім деңгейіне қарай жоғары сыныптарға қабылдағысы келмеген. Сосын ата-ана білімді үйде бере бастаған. Үлкендеріне сабақты әкесі берсе, кішілерді шешесі оқытқан. Осылайға оқуға күніне 5 сағаттай уақыт кетіп отырған.
"Бұл кеңестік кезеңнің әдістемесі. Выготский, Рубинштейн, Эльконин, Давыдовтардың идеяларына негізделген. Баға қоймау, баланың қызығушылығын үнемі ұстап тұру, тапсырманы тым қиындатпау тәсілдеріне жүгінеміз. Тапсырма күрделі болса, баланың назары басқаға ауып кетеді", - дейді Евгений Тепляков.
Наталья мен Евгений балаларын вундеркинд деп есептемейді. Олар оқытудың дұрыс тәсілдерін қолдана білсе, кез келген бала табысқа жете алады деп сендіреді. Ал жергілікті билік бір бөлмелі пәтерде тұрып жатқан көпбалалы Тепляковтардың әдістемесіне де, жағдайына да әзірге еш назар аудармай отыр.