​Мәскеулік «pre-party» әлемнің 56 елінен Димаштың жанкүйерлерін жинады

0
1 019

Димаштың жанкүйерлері сүйікті әншілеріне сыйлықтарын беріп, бейнеүндеулерін жазуға мүмкіндік алды.


​Мәскеулік «pre-party» әлемнің 56 елінен Димаштың жанкүйерлерін жинады

ERNUR.KZ. Қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің әлемнің 56 елінен 400-ден астам жанкүйері Мәскеуде «pre-party»-де бас қосты. Олар сүйікті әншілерін Ресей астанасының бас сахнасы саналатын Кремль сарайындағы жеке концерті алдында қолдауға жиналды, деп жазады ҚазАқпарат.

«Pre-party» интерактивті ойындары, жүлделері, биі мен флешмобы және караокесі бары қызықты бағдарламасымен ерекшеленді. Димаштың жанкүйерлері сүйікті әншілеріне сыйлықтарын беріп, бейнеүндеулерін жазуға мүмкіндік алды. Қазақстандық әнші шығармашылығына ынтымақ жандар үшін Еуразиялық фан-клубтың TOP Dimash & Dears AWARDS аталымымен марапаттау шарасы да болды. Димаштың жанкүйерлері де әншіге және оның ата-анасына (TOP Dimash & Dears Honored Family, TOP Dimash & Dears The One&Only) өздерінің наградаларын табыстады. Наурыз мейрамына орай Қазақстан тарапы арнайы жайған дастарханнан қонақтар қазақтың дәстүрлі тағамдарынан дәм татуға да мүмкіндік алды.

Жалпы, кеш тосынсыйларға толы өтті. Мұндай тосынсыйлардың бірі Димаштың анасы Светлана Айтбаеваның «Подмосковные вечера» әнін орындауы еді. Қазақстандық әншінің Мәскеу төріндегі жеке концертіне қолдау көрсету үшін арнайы келген «Қазақстан» РТРК басқармасының төрағасы Ерлан Қарин Димаштың 29 мауысымда Астана төрінде өтетін концертіне билеттер ойнатуы да көптеген тосынсыйдың біріне айналғаны анық.

Қонақтар алдында сөз сөйлеген Е.Қарин елордада өтетін Димаш концертін бас ұйымдастырушы «Қазақстан» телеарнасы екендігін айта келе димаш жанкүйлерлерін Астанадағы фан-кездесуге шақырды. «Келесі кездесу 28 маусымда Қазақстанда өтеді. Міндетті түрде келіңіздер», - деді телеарна басшысы.

Шара аясында «ҚазАқпарат» тілшісіне сұхбат берген Е.Қарин алдағы уақытта Астанада өтетін Димаштың концертіне дайындық жұмыстары қалай жүргізілгенін айтып берді.

«Бұл мұндай үлкен шараны ұйымдастырумен байланысты біздің тәжірибеміздегі сирек жағдайдың бірі. Сондықтан біз жобаны Димаштың командасымен екі ай бойы талқыладық. Талқылау өткен жылдың қарашасында басталды. Техникалық форматын, тұжырымдамасын және түрлі ұйымдастыру мәселелерін талқылап, келістік. Қаңтар айының басында концерттің өтетіндігін ресми жарияладық», - деді Е.Қарин.

Оның айтуынша, алдағы уақытта өтетін концерттің бүге-шігесіне дейін тыңғылықты ойластырылған.

«Бұл кезеңде концерттік ұйымдастырумен тікелей айналысатын шығармашылық команда анықталды. Сонымен қатар техникалық, ұйымдастыру, дыбыс және хореографиясы сынды барлық бағыттар бойынша біліктілігі жоғар кәсіби мамандарды шақырдық», - деді ол. Телеарна басшысының айтуынша, Астанадағы концертте әрбір номер жаңа цифрлық технологияларды қолдану арқылы көркем қойылымға айналады. Сонымен қатар ол концерт билеті қолжетімді екендігін де атап өтті.

«Билет сату 18 наурызда басталып, бүгінгі күні шамамен 50 пайызы сатылып кетті. Біз Димаштың миллиондаған жанкүйерімен үнемі байланысып отырмыз. Алдағы концертке әлемнің 90-нан астам елінен жанкүйерлер келетіндігін растады»,- деді Ерлан Қарин.

Айта кетейік, бүгін Мәскеудің Кремль сарайында Димаштың жеке концерті өтеді.