Өзбекстан жаңа конституция қабылдау үшін 30 сәуірде референдум өткізеді

0
1 303

Нәтижесінде негізгі заңның мәтіні 65 пайызға жаңарады.


Өзбекстан жаңа конституция қабылдау үшін 30 сәуірде референдум өткізеді

ERNUR.KZ. Өзбекстан Олий Мажлисі заң шығару палатасының депутаттары 30 сәуірде республиканың жаңа конституциясы бойынша референдум өткізу жөнінде қаулы қабылдады, деп жазады ҚазАқпарат.

Бүгін Өзбекстан парламенті төменгі палатасының отырысына қатысқан 137 депутаттың 134-і «Өзбекстан Республикасының Конституциясы туралы» заң жобасы бойынша 30 сәуірде референдум өткізу туралы қаулыға дауыс берді.

Шешім Сенаттың бекітуіне жіберілді, құжат 14 наурызда қаралады деп күтіліп отыр.

Парламенттің жоғарғы палатасы құжатты мақұлдаса, ол үш күн ішінде баспасөз бетінде жарияланады.

Қаулы жобасы бір күн бұрын Олий Мажлис заң шығару палатасының кезекті отырысында қаралды.

Отырыс барысында депутаттар Конституцияның баптарының саны қазіргі 128-ден 155-ке, нормалары 275-тен 434-ке өскенін атап өтті.

Нәтижесінде негізгі заңның мәтіні 65 пайызға жаңарады.

Осыған байланысты өзгерту енгізу туралы емес, республиканың жаңа конституциясы туралы заңды қабылдау бойынша референдум өткізу ұсынылды.

Бұған дейін хабарланғандай, 2022 жылдың мамыр айында Өзбекстанның жетекші саяси партиялары Парламент палаталарының бірлескен отырысында ел Конституциясын жетілдіру процесін бастауға келісті.