Пашинян ҰҚШҰ саммитында екі құжатқа қол қоюдан бас тартты

0
674

Армения Премьер-Министрі Никол Пашинян ҰҚШҰ Ұжымдық Қауіпсіздік Кеңесінің (ҰҚК) отырысында Арменияға ұйым тарапынан көмек көрсетуге қатысты құжаттардың астына өз қолын қоюға дайын емес екенін мәлімдеді.


Пашинян ҰҚШҰ саммитында екі құжатқа қол қоюдан бас тартты

ERNUR.KZ. Әңгіменің төркіні "ҰҚШҰ ҰҚК Декларациясы" мен "Армения Республикасына көмек көрсету жөніндегі бірлескен шаралар туралы" құжаттарға қатысты еді. Пашинян құжаттар толыққанды пысықталмағанын айтып, оған осы күйінде қол қоюдан бас тартты, деп жазады inbusiness.kz.

Әзербайжанның биыл қыркүйек айының ортасында Арменияға қарсы агрессиясын сөз еткен Пашинян ҰҚШҰ осы мәселеде әлі де біржақты шешімге келмей, нақты көзқарасын білдірмегені ұйымның жалпы беделіне, оның армян қоғамында дұрыс қабылдауына үлкен әсер ететінін жеткізді.

"Біз үшін ҰҚШҰ-ның Армения Республикасындағы жауапкершілік аймағын растауы маңызды", - деп атап өтті премьер.
"Арменияның ұстанымы келесідей: 1991 жылғы 21 желтоқсандағы Алматы декларациясына сәйкес, ТМД-ның негізін қалаушы елдер Тәуелсіз мемлекеттер ретінде бір-бірінің аумақтық тұтастығын және қолданыстағы шекаралардың мызғымастығын мойындады. Жоғарыда аталған елдер Кеңес Одағы кезінде республикалар арасында болған әкімшілік шекаралармен тәуелсіздік алды. Басқаша айтқанда, бұрынғы әкімшілік шекаралар мемлекеттік атанып, жоғарыда аталған елдердің КСРО кезіндегі аумақтары бүгінгі шекараларды сызып берді. Дәл осы шекаралармен Армения БҰҰ мен ҰҚШҰ-ға мүше болды", - деп түсіндірді Пашинян.

Алайда 2021 жылдың 11 мамырынан бастап Әзербайжан өзінің қарулы күштерін үш рет қолданып, Арменияның егеменді территориясының шамамен 140 шаршы шақырымын басып алды. Халықаралық құқықтық нормаларға сәйкес, Әзербайжанның бұл әрекеттері агрессия ретінде бағаланады. Осыған байланысты Ереван ҰҚШҰ-дан ұйымның нақты тұжырымдалған саяси бағалауын, агрессияны мойындайтын ресми көзқарасын күтеді.

Пашинян мұндай бағалаудан бас тарту - Армения мен Әзербайжан арасында шекара жоқ дегенмен теңбе-тең, яғни ҰҚШҰ-ның жауапкершілік аймағы жоқ, ал егер жауапкершілік аймағы болмаса, онда ұйымның өзі жоқ деген қорытындыға келді.