Ресейде балалар лагері өртеніп, 4 бала қаза тапты

0
1 061

22 шілде күні түнде Хабаровскіде «Холдоми» тау-шаңғы кешенінің аумағындағы лагерьде өрт шыққан.


Ресейде балалар лагері өртеніп, 4 бала қаза тапты

ERNUR.KZ. Ресейдің Хабаровск қаласында балалар лагеріндегі өрт салдарынан қаза болғандардың саны 4-ке жетті, деп хабарлайды baq.kz.

22 шілде күні түнде Хабаровскіде «Холдоми» тау-шаңғы кешенінің аумағындағы лагерьде өрт шықты. Шатырлы лагерьде жалпы саны – 189 бала демалып жатқан. Оқиға орнына өрт сөндіру қызметі жеткенше, 26 палатканың 20-сы жанып кеткен. Өрт 240 шаршы метр жерді шарпыған.

Бұған дейін 2 қыз баланың көз жұмғаны хабарланды. Baza-ның Telegram-каналының деректеріне сүйенсек, қаза болған қыз 11 жаста. Оның денесінің 90%-ын күйік шалған. Ал бірінші қайтыс болған қыз бар-жоғы 10 жаста болған.

«4 бала қаза болды. Жансақтау бөлімінде жатқан ұл бала да көз жұмды», - деді өңір губернаторының баспасөз қызметіндегілер.

Жансақтау бөлімінде жатқан Арсений есімді 10 жасар бала өрт кезінде қыздарды палаталардан шығарып, құтқаруға көмектескен. Ол қатты күйіп, ес жимастан қаза болған.

Өрт кезінде зардап шеккен тағы бір балаға иіс тиіп, дереу ауруханаға жатқызылды. Жалпы өрт салдарынан 10 шақты бала зардап шекті.

«Шатырлы лагерьден бөлек, аталған кешеннің аумағында басқа демалушыларға арналған 455 үй бар. Бұл жерлерге басқа балалар орналастырылды», - деді Төтенше жағдайлар министрлігіндегілер.

Өрт лагерьде қолданылған жылыту құрылғыларының істен шығуы себебінен болуы мүмкін. ТАСС-тың мәліметінше, жылыту құрылғылары киім кептіру үшін қолданылған.

Тергеу комитеті РФ ҚК 103-бабы 1-бөлімі (Абайсызда өлтіру) және ҚК 238-бабы 2-бөлімі бойынша (Тұтынушылардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсету) бойынша іс қозғады.