Сеул Токио Олимпиадасына бойкот жариялауы мүмкін

0
1 049

Сеул мен Токио арасындағы сауда соғысы шілденің 1-інде басталған.


Сеул Токио Олимпиадасына бойкот жариялауы мүмкін

ERNUR.KZ. Оңтүстік Кореяда Жапонияның санкциясына қалай жауап беру керектігі төңірегінде дау басылмай тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кей сарапшылар Токиомен жанжалды дипломатиялық жолмен шешуді ұсынса, енді біреулері текетіресті жалғастыруға дайын. «Тобуро» партиясының өкілі Ким Мин Соктың пікірінше Сеул келер жылы Жапонияда өтетін олимпиададан бас тартуы ықтимал. Ал жапонтанушы Ли Вон Док жанжал екі елге де көп шығын әкелетінін айтады. Мысалы, визасыз тәртіп жойылып, ақша аудару шектелмек.

- Корея үкіметі отаршылдық кезеңге байланысты Жапонияның кешірімін қабыл алып, материалдық өтемақыдан бас тартқаны жөн. Сондай-ақ Корея үкіметінің де жапа шеккендер үшін жауапты екені туралы арнайы мәлімдеме жасағаны абзал. Бұл Синдзо Абэ үкіметіне соққы болып, екі жақты қатынас түбегейлі өзгереді. Мысалға, Қытай Жапониядан өтемақы талап етуді тоқтатып, күншығыс елімен байланысын жақсартты, - дейді Кунмин университеті жапон бөлімінің профессоры Ли Вон Док.

- Осы мәселенің кесірінен мемлекеттің беделі мен тағдырына нұқсан келіп жатыр. Менің ойымша, бұл жанжал Синдзо Абэнің биліктен кетуіне әкеледі. Ал біз Токиода өтетін олимпиада ойындарына бойкот жариялайтын шығармыз, - деді демократиялық партия өкілі Ким Мин Сок.

Еске сала кетейік, Сеул мен Токио арасындағы сауда соғысы шілденің 1-інде басталған. Жапон үкіметі алдымен Оңтүстік Кореядан әкелінетін химиялық бөлшекке тыйым салды. Ал тамыз айының басында бұл мемлекетті сенімді сауда әріптесі елдерінің тізімінен шығарып тастаған еді.