Ресей әскерилерінің мәлімдеуінше, Су-30М Хмеймим аэродромынан ұшып шыққан соң ұзамай, Мәскеу уақыты бойынша сағат 9:45-те құлаған.
Латакия провинциясындағы Хмеймим әуе базасында тұрған ресейлік Су-30 әскери жойғыш ұшағы (Көрнекі сурет).
3 мамыр күні Сирияда ресейлік әскери Су-30М ұшағы апатқа ұшырап, екі ұшқышы да қаза тапты деп хабарлайды Азаттық Радиосы Ресей Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.
Ведомство ұшақты ешкім атып түсірмегенін, апатқа ұшақ қозғалтқышына құс кіріп кетуі себеп болуы мүмкін екенін айтады. Ресей әскерилерінің мәлімдеуінше, Су-30М Хмеймим аэродромынан ұшып шыққан соң ұзамай, Мәскеу уақыты бойынша сағат 9:45-те құлаған.
Ұшақ апаты туралы ақпарат бұған дейін БАҚ пен әлеуметтік желілерде тараған.
Ресей Қорғаныс министрлігі Сирияда қаза тапқанын растаған ресейліктер саны 80-нен асты. Ресми мәлімет бойынша, соңғы рет Сирияда ұшақ апаты 6 наурыз күні болған. Ол кезде Ан-26 әскери жүк ұшағы апатқа ұшырап, 39 адам қаза тапқан. Құрбандардың көбі - әскерилер болған.