Тәліптер Ауғанстан аумағында аспанға оқ атуға тыйым салды

0
686

Бұған дейін хабарланғандай, сенбі күні Панджшер провинциясын басып алу туралы хабарламалардан кейін «Талибан» радикалды қозғалысының содырлары жаппай бей-берекет оқ жаудырған.


Тәліптер Ауғанстан аумағында аспанға оқ атуға тыйым салды

ERNUR.KZ. «Талибан» радикалды қозғалысы жергілікті әкімшіліктер мен әскери қызметкерлерге бүкіл Ауғанстан аумағында әуеге оқ атуға тыйым салуға нұсқау берді. Жексенбіде тиісті өкімнің мәтінін қозғалыс өкілі Забихулла Муджахид Twitter-де жариялады, деп жазады ҚазАқпарат.

«Ауғанстан Ислам әмірлігінің» (тәліптердің өзін-өзі атауы) әскери істер жөніндегі комиссиясы қол қойған нұсқаулықта «Кабулда және елдің басқа да қалаларында әуеге оқ жаудыру адамдардың өліміне және жарақаттануына, сондай-ақ бейбіт тұрғындар арасында үрей тудыратыны» айтылған.

«Осыған байланысты Кабул мен провинциялардағы барлық әскери шенеуніктер, командирлер және басқа да жауапты адамдарға аспанға оқ атқандарды дереу тұтқындап, қарусыздандыру тапсырылды. Кабул мен провинцияның полиция басшыларына, сондай-ақ барлау қызметкерлеріне құқық бұзушыларды анықтау және жазалау үшін жедел және қатаң шаралар қабылдауға нұсқау берілді», - делінген тәліптердің нұсқауында.

Бұған дейін хабарланғандай, сенбі күні Панджшер провинциясын басып алу туралы хабарламалардан кейін «Талибан» радикалды қозғалысының содырлары жаппай бей-берекет оқ жаудырған. Атыс салдарынан елде қаза тапқандар мен жараланғандар саны 70-тен асты.