Тбилисиде полиция наразылық білдірушілерді су шашып таратпақ болды

0
141

ІІМ зардап шеккен шерушілер саны туралы мәлімет берген жоқ.


Тбилисиде полиция наразылық білдірушілерді су шашып таратпақ болды

ERNUR.KZ. Тбилисиде жұма күні кешке және түнде ел үкіметінің Еуропалық Одаққа кіру жөніндегі келіссөздерді тоқтату туралы шешіміне наразылық шерулері жалғасты, деп жазады kaz.inform.kz.


Хабарланғандай, екінші күн қатарынан полициямен қақтығыстар болып, адамдар қамауға алынып жатыр. Полицейлердің арнайы жасағы наразылық білдірушілерді Грузия парламентінің ғимаратынан су атқыштар және көзден жас ағызатын газ қолданып ығыстырды, деп хабарлайды ВВС.


Жұма күні кешке Руставели даңғылындағы парламент ғимаратына бірнеше ондаған мың адам жиналды.

BBC тілшілерінің хабарлауынша, олардың саны бұрынғыдан да көп болды.

Наразылық білдірушілердің кейбірі парламент ғимаратының сыртындағы темір қоршауды соқты. Жағдай полицейлер шоғырланған көрші 9 сәуір көшесінде және ғимараттың артқы жағында ушығып отырды. Арнайы жасақтар мен техника даңғылдың соңындағы Бостандық алаңына да наразылық білдірушілерден бірнеше жүз метр қашықтықта шоғырланған.

Полицейлер демонстранттарға қарсы су атқыштарын қолданды, бірақ олар тарамады. Түнде полиция наразылық білдірушілерді парламент ғимаратынан ығыстырды. Демонстранттар қатары сиреді, бірақ олардың ең белсенділері Руставели даңғылында қалды.

Олар су атқыштарынан қорғануға тырысып, орындықтар мен қоқыс жәшіктерінен баррикадалар тұрғыза бастады. Көптеген демонстранттардың қорғаныс құралдары – көзілдіріктер мен медициналық маскалар (көзден жас ағызатын газ қолданылған жағдайда) болды.

Жұма күні де зардап шеккендердің арасында телшілер мен телеоператорлар болды.

Шерушілер таңғы уақытта әлі де Руставели даңғылында болып, баррикадаларды күшейтіп отырды. Олар от жағып, «Сакартвело!» деп ұрандатты және Грузия мен Еуропалық Одақтың туларын желбіретті.

Оларға қарама-қарсы полицияның арнайы жасақ құрамы тұрды.

Акция таң атқанша аяқталды. Полицияның қалған шерушілерді тұтқындағаны туралы бейнежазбалар пайда болды.

ІІМ зардап шеккен шерушілер саны туралы мәлімет берген жоқ. Екі күннің ішінде наразылық акциясына қатысқан 150-ге жуық адам ұсталды.