Владимир Путин бұған дейін Донбасста арнайы операция өткізуге шешім қабылдағанын айтқан еді.
Ресей президенті Владимир Путин Украинадағы соғысқа қатысқандарға ардагер мәртебесін беру туралы заңға қол қойды, деп жазады Stan.kz
Әскери қимылдарға қатысқан ардагерлер мен мүгедектерге заң бойынша зейнетақы, түрлі қаржылай сыйақылар беріледі, тегін протез жасалады, үйсіздерге баспана беріледі және өзге де жеңілдіктер қарастырылған.
23 наурызда мемлекеттік дума қорғаныс министрлігі наурыздың басында ұсынған заң жобасын үш оқылымнан кейін бірден мақұлдаған. Қазір ардагерлер туралы заң азаматтық соғыстан бастап СССР мен Ресей араласқан барлық ірі әскери қақтығысқа қатысқандарды қамтиды.
Еске салайық, Владимир Путин бұған дейін Донбасста арнайы операция өткізуге шешім қабылдағанын айтқан еді.
"Қалыптасқан жағдай бізден шұғыл әрі батыл шешім қабылдауды қажет етеді. Донбастағы халықтық республикалар Ресейден көмек сұрады. Осыған байланысты БҰҰ жарғысының 51-бабы 7-бөліміне сәйкес, Федерация кеңесі санкциясымен және Федералдық жиналыста ратификацияланған ДХР және ЛХР-мен жасалған достық пен өзара қолдау туралы келісімді орындау үшін мен арнайы әскери операция өткізу туралы шешім қабылдадым", – деген ол.
Сонымен қатар Ресей басшысы басты мақсат Украинаны оккупациялау емес екенін атап өткен.
Алайда 24 ақпан бейсенбінің таңертеңгі уақытынан бастап Укранинаның бірнеше қалаларында жарылыс болғаны хабарланған. Бұл қалалардың қатарында ел астанасы Киев те бар.
Бір ай ішінде Украинаның көптеген қалалары атқылауға ұшырады. Елдің бір бөлігін Ресей әскері бақылауға алды. Қанша адамның қаза болғаны белгісіз. Мыңдаған адам өлді деген болжам бар. Ондаған қалада тұрғын үйлер, мектептер мен балабақшалар, ауруханалар және өзге де азаматтық нысандар қирады.