Әлемнің 14 елінің мектептері негізінен 2020 жылдың наурызы мен 2021 жылдың ақпаны аралығында жабық болды.
ERNUR.KZ. Карантин шектеулеріне байланысты әлем бойынша 168 миллионнан аса бала бір жыл бойы мектепке бармаған. Сондай-ақ 214 млн-ға жуық оқушы күндізгі оқудың үш тоқсанына қатыспаған, деп жазады ҚазАқпарат.
Әлемнің 14 елінің мектептері негізінен 2020 жылдың наурызы мен 2021 жылдың ақпаны аралығында жабық болды. Бұл елдердің үштен екісі Латын Америкасы мен Кариб бассейні елдері аймағында орналасқан. Салдарынан 98 млн оқушының сабағын тоқтатуына тура келді. Мектептер, әсіресе Панама, Сальвадор, Бангладеш пен Боливияда ұзағырақ жабық болған.
«Күндізгі оқуға бара алмайтын оқушылар күн сайын мектеп бағдарламасынан қалып бара жатыр. Біз тағы бір жыл шектеу болғанына және осы балалардың тағы да күндізгі оқусыз жүруіне жол бере алмаймыз. Мектептердің жұмысын жандандыру үшін бар күшімізді жұмсауымыз қажет», - деп мәлімдеді ЮНИСЕФ-тің атқарушы директоры Генриетта Фор.
ЮНИСЕФ-тің соңғы дерегіне сәйкес, қазіргі күні мектептердің толық немесе ішінара жабылуына байланысты әлемде 888 млн-нан аса баланың білім алуы үзіліп қалып жатыр.