Ол соғыс уақытында мемлекет қорғанысқа назар аударуы керек екенін айтты.
ERNUR.KZ. Украина президенті Владимир Зеленский соғыс жүріп жатқан кезде сайлау өткізу дұрыс емес екенін мәлімдеді, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
DW жазуынша, Зеленский «қазіргі соғыс уақытында, көптеген сын-қатер тұрғанда еш ойланбастан сайлау мәселесін көтеру асқан жауапсыздық» екенін айтты.
Зеленский Украина қоғамы мен мемлекетінің алдында тұрған басты міндет – «қорғанысқа назар аудару» деп мәлімдеді.
«Мен қазір сайлау өткізетін уақыт емес деп есептеймін», - деді Украина президенті.
Айта кетсек, Зеленскийдің президенттік мерзімі 2024 жылдың көктемінде аяқталады
Бұған дейін Украинада 29 қазанға белгіленген Жоғарғы Рада сайлауы белгісіз мерзімге шегерілген болатын, себебі ел парламенті әскери жағдайды қарашаның ортасына дейін ұзартты.
Енді президент сайлауы да өтпей қалуы мүмкін. Тамызда Киевке барған америкалық республикашыл сенатор Линдси Грэм ел билігін 2024 жылдан кешіктірмей президенттік сайлау өткізуге шақырды.
45 жастағы Владимир Зеленский 2019 жылы Петр Порошенконың орнына Украина президенті болып сайланды. Оның президенттік өкілеттік мерзімі Украина Конституциясына сәйкес келер жылдың көктемінде аяқталады.