«Вести. Дежурная часть» бағдарламасына хабар дайындау барысында болған оқиғаның бейнекөрінісі телеарнаның YouТube-аккаунтінде жарияланды.
ERNUR.KZ. Ресейдегі Хакасия Республикасында Шырын ауданының басшысы Сергей Зайцев жанына тиетін қойғаны үшін «Россия – 24» телеарнасының тілшісі Иван Литоминді кабинетінде сабап тастады, деп жазады jasqazaq.kz.
Иван Литомин 2015 жылы өрттен зардап шеккен отбасыларына берілген тұрғын үйлерге қатысты бір-екі сауалға жауап алғысы келген екен. Өйткені, жұрт баспаналарының нашарлығына шағымданған. Шатырдан су ағып, едені шіріп, су құбырының дұрыс жұмыс істемейтіндігі тұрғындардың жүйкесіне тиген. Ал түсіру тобы Зайцевтің кабинетіне келіп, бюджет қаржысының қалай жұмсалғанын білмек болады. Алайда аудан басшысы «Сендер қайдан келдіңдер?», – деп тілшіге тап береді.
Осы оқиғаға алаңдаушылық білдірген телеарна басшылары Ресей ІІМ-не шағымданып, тілшінің заңды кәсіби қызметіне кедергі келтіргені үшін Зайцевті қылмыстық жауапкершілікке тартуды ұсынды. Күтпеген жағдайға «Единой Россия» партиясы да алаңдаушылық білдіріп, жақын арада шенеунікке қатысты тиісті шешім қабылданатынын жеткізді.