"Зимняя вишня" сауда үйінде жұмыс істеген қазақстандық қайғылы оқиға жайында айтып берді

0
4 844

«Әріптестеріммен бірге біздер қолымыздан келгенше балаларды сыртқа шығаруға әрекет еттік. Қою қара түтін ойын алаңын түгел басып, тынысымыз тарылды. Бойымды үрей билегенімен кейіннен есімді жиып, адамдарға көмек көрсете бастадым".


Қазақстандық студент Әбілхайыр сұмдық оқиға орын алған күні осында жұмыс жасап жүрген екен. Жас жігіт жантүршігерлік жағдайды өз көзімен көрді, деп жазады ERNUR.KZ тілшісі Nur.kz-ке сілтеме жасап.

Қарағандының тумасы Әбілхайыр мектепті бітірген соң ол жоғары білімді Россияда аламын деп шешкен. 4 жылдан бері Кемерово қаласында оқып әрі жұмыс істеп жүр.

«Сабақтан тыс уақытта ақша табу үшін "Зимняя вишня" сауда үйіне екі ай бұрын балалар аттракционына нұсқаушы болып жұмысқа орналастым. Балалардың көңілін тауып, олармен бірге ойнап жүріп мұндай ауыр жағдайдың куәсі боламын деп еш ойламаппын. Көңілдері сондай таза, күлкілері пәк балақайларға қарап тұрып-ақ демалуға болады. Асыр салып жүгіріп, қуаныштарын аналарымен бөлісіп жатататын балалар күндердің күнінде осы жерде жан тапсырады деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмепті», - деді Әбілқайыр ауыр күрсіне.

Студент жігіттің айтуынша, 25 наурыз күні әдеттегідей жұмысқа келіп, арнайы киімдерін үтіктеп киіп, күнделікті сүйсіне атқаратын ісіне кіріседі.

4-ші қабаттағы аттракционда түс қайта сағат 16-00 шамасында «жанып жатырмыз!» деп айғайлаған, жүгірген дауыстар естіледі. Мұнан соң өзі ойнатып жатқан балаларды ойын алаңшасынан шығарып, қосалқы баспалдақпен түсіп, жылдамырақ сыртқа шығу керектігін ескертеді де төңірегінде басқа балақайлардың қалып кетпегенін қарап шығады.

«Әріптестеріммен бірге біздер қолымыздан келгенше балаларды сыртқа шығаруға әрекет еттік. Қою қара түтін ойын алаңын түгел басып, тынысымыз тарылды. Бойымды үрей билегенімен кейіннен есімді жиып, адамдарға көмек көрсете бастадым. Жәутеңдеген балаларды қолдарынан ұстап есік аузына дейін жеткізіп, ересек кісілердің қолына тапсырдым. Ойын залында ешқандай сәбилердің қалмағанына көз жеткізіп шығар есікке қарай ұмтыла бергенімде қолында жарығы бар бойжеткенге ұшырастым. Көз алдым бұлдырап, кеңсірігім толып тұрса да аяғын әзер басып тұрған қызды көтеріп алып көпшіліктің арасына жеткіздім. Уақытымыз өте аз болғандықтан жылдам әрекет ету керек болатын. Екінші қабатты тексеріп келуге көтерілгенімде басым айналып, аяқ-қолдымнан әл кеткенін аңғардым. Сонда да абыр-сабыр жүгірген адамдарға лифтке жақындамау керектігін ескертіп, лифтінің қасына тұрып алдым. Мұнда кіру отқа өз аяғыңмен түсумен бірдей ғой. Төртінші қабаттан екінші қабатқа дейін адам қалмағанына көз жеткізген соң өзім де сыртқа шықтым. Сөйттім де, көшеде топ болып жиналған кісілердің арасында қиналып жатқандарға көмек көрсете бастадым. Олардың аяқ-қолдарын уқалап, жаттығулар жасап отырып, жан-жағыма қарадым. Осы кезде мен сауда үйіндегі барлық қонақтар мен балақайлардың аман-есен сыртқа шыққанына сенімді едім. Сөйтсем, ересек адамдар, тіпті кіп-кішкентай балақайлар да өртпен алысып, жан тапсырыпты-ау».

Қазақстандық жігіт өз-көзімен көрген қайғылы оқиға жанын қоса жұлып кеткендей күйде қалдырғанын айтады.

«Қандай жағдайда да адамдар бір-біріне көмек беріп, жақсылығы қайтпаса да осы беттен танбауы керек. Өкініш деген өмір бойы өзегіңді өртегенше жақсылық жасап, керемет сезімде жүрген әлдеқайда артық емес пе? Адам өмірі ең құнды дүние. Сондықтан өзіміздің және жақындарымыздың өміріне қауіп төндірмей, денсаулығымызды күтіп, сатанып жүргеніміз абзал» деп сөзін аяқтады Кемероводағы қайғылы оқиғаның қазақстандық жалғыз куәгері.