Ауру ағзаға енген соң алғашқы үш күнде дене қызуы көтерілуі мүмкін, осы уақытта дұрыс тамақтанып, суға түспей, бар күшін вирусты жеңуге жұмсау керек.
ERNUR.KZ. Қазақстанның жұқпалы аурулар бойынша жетекші маманы Динагүл Баешева коронавирус жұқтырған адамның иммунитеті мықты болса, 6-7 күнде ауруды жеңуге болатынын айтты, деп жазады Sputnik Қазақстан.
Инфекционист коронавирус диагнозы қойылған адамдарды қайтты уайымға салынбауға үндеді.
"Вирус адам ағзасына кіргеннен кейін, инкубациялық кезең, яғни вирустың адам ағзасында көбею үдерісі басталады. Ол 14 күнге дейін созылады. Ауырған адам 14 күн оқшаулану керек дейтініміз осымен байланысты. Аурудың алғашқы кезеңі – вирустың ағзаға тарайтын уақыты. Ол 5 күнге созылады. Одан кейін ауру дамып, асқыну кезеңіне келеді", - деп түсіндірді Баешева.
Айтуынша, ауру пайда болғанда адамның дене қызуы көтеріліп, буындар сырқырайды, жөтел қысып, бас ауырады. Иіс пен дәм сезбей қалады.
"Коронавирус диагнозы қойылды дегеннен шошып, қорықпау керек. Қазір бұл жай тұмау тәрізді бүкіл жерге тарап кетті, одан қорқатын ештеңесі жоқ. Аман-есен жазылып шығу үшін оқшаулануға тырысу керек. Басқа адамдармен байланысқа түспей, санитарлық-гигиеналық нормаларды ұстану қажет", - дейді Баешева.
Инфекционистің айтуынша, дене қызуының көтерілуі – адамның вирусқа қарсы тұратын күші. Ауру ағзаға енген соң алғашқы үш күнде дене қызуы көтерілуі мүмкін, осы уақытта дұрыс тамақтанып, суға түспей, бар күшін вирусты жеңуге жұмсау керек.