Пандемия кезінде ОРАЗА ҰСТАУ қауіпті ме - мамандар жауап берді

0
3 067

Бұл туралы дін өкілі мен медицина маманы не дейді?


Пандемия кезінде ОРАЗА ҰСТАУ қауіпті ме - мамандар жауап берді

Өздеріңізге мәлім, еліміздегі карантин режимі мамыр айына дейін жалғасады. Пандемияның таралуын алдын алу үшін бұл дұрыс шешім екендігін жақсы білеміз.

Алайда, әрбір мұсылманды жыл сайын асыға күтетін Рамазан айының жай-күйі қандай болатындығы алаңдатады.

Ислам парыздарының бірін орындайтын қасиетті ай небәрі 4 күннен соң, яғни 24 сәуір күні басталады. Ал карантин кезінде ауыз бекіту қалай болмақ? Аталмыш инфекцияны жұқтырмаудың ең басты талабы – адам иммунитетінің мықтылығы емес пе?! Ал таңнан кешке дейін ауыз бекітіп, ораза ұстау оған кері әсер етпей ме? Яғни, иммунитеттің түсіп кетуі мүмкін бе?

Бұл жөнінде Дін өкілдері мен медицина мамандары не дейді?

ERNUR.KZ тілшісі қос мамандық иелерінен арнайы сұхбат алған болатын.

Шымкент қаласы бас имамының орынбасары Мұхамеджан Естемір карантин кезінде керісінше, ораза ұстайтындардың саны артпаса, кемімейтінін айтты.

«Алла Тағала құлына тек күші жететін нәрсесін ғана міндеттейді. Өйткені Ұлы Жаратушы иеміз бізге ауырлық емес, жеңілдік қалайды. Алла алдындағы бес парыздың бірін орындап, ауыз бекітуге кедергі жоқ. "Карантин кезінде ауыз бекітсем, иммунитетім әлсірейді" деп алаңдауға негіз жоқ.

Оразадан кімдер босатылған?

Олар: науқас не болмаса сапарда жүрген адам.

Үшіншіден, кәрі адам.

Төртіншіден, жүкті және емізулі баласы бар әйел.

Бесіншіден; жас бала және ақылынан адасқан адам. Және денсаулығы үшін қауіптенетін адам.

Сондай-ақ, етеккірі келген және босанғаннан кейінгі тазарып жатқан әйел.

"Пандемия кезінде ораза ұстасам иммунитетім әлсірейді деу - жаңсақ пікір", - дейді Шымкент қаласы бас имамының орынбасары Мұхамеджан Естемір.

Ал, медицина мамандары иммунитет әлсіресе, қатерлі вирус ешкімді аямайды деп алаңдап отыр.

«Пандемия кезінде ораза ұстаған жағдайда иммунитетті түсіріп, қауіпті вирусты жұқтырып алу мүмкіндігі жоғары болатындығы туралы айта кеткен жөн. Яғни, денсаулығына байланысты созылмалы ауруы бар, асқазан, ішек құрылысы ауырып немесе әлсіреп жиі ауыратын адамдардың ораза ұстамағандары абзал» ,- дейді №4 қалалық емханасының салауатты өмір салтын қалыптастыру дәрігері Айдана Данданова.

Рамазан айында ауыз бекіткендер денсаулығына зиян тигізбейтіндей дұрыс тамақтана білуі қажет. Ендеше, оразада қандай тамақтан бас тарту керек, тағамның қай түрін қолданған дұрыс? Бұл туралы медицина маманы жауап берді.

«Рамазан айында ауызашарға немесе сәресіне ас дайындау кезінде ең алдымен жаңа піскен өнімдерді пайдаланыңыз. Мәселен, жеміс-жидек, көкөніс таңдағанда осыны ескеріңіз. Құрма мен суды ауыз ашқанда пайдаланудың және бір пайдасы – тағам жеуден алдын адам ағзасында қосымша тамаққа деген сұраныстың бар не жоғын анықтауына мүмкіндік туады. Ауыз ашқан соң суды көбірек ішуге тырысу керек. Алайда суды тамақтанып болған соң ішкен абзал. Тамақты да асықпай, аз-аздан жеңіз. Сәресі уақытына дейін бірнеше стакан су ішуге тырысыңыз.

Егер, су ішуді ұнатпаған жағдайда оның орнын алмастыратын айран, қантсыз компот, өсімдік шайларын, минералды су секілді сұйықтықтарды ішіңіз. Күнделікті тамақтан бас тартқан адам ішкі күйзеліске түсетінін айта кетейін. Бұл әсіресе оразаны алғаш ұстаған жандар үшін маңызды. Ауыз ашқан кезде алдымен құрма мен су, не болмаса сорпа, ет қосылған көкніс тағамы сияқты жеңіл тағамдармен ауызашарды бастау керек. Рамазан айында қуырылған тамақтардан бас тартқан жөн.», - дейді дәрігер Айдана Данданова.