Өзімізден шыққан көлікті айдауға қалай қарайсыз?
Қазақстан автоөнеркәсібі жыл сайын жарты қадамдап болса да алға басып келе жатқаны қуантады. Бұған дәлел – биылғы жылдың қорытындысы.
«2020 жылы отандық кәсіпорындар 60 мыңға жуық жеңіл және жүк көлігін, автобустар мен арнайы техникалар құрастырды. Биылғы жылдың 10 айында еліміздің машина жасау саласындағы өндірісі 16,5% артты. Автокөлік құралдарын, трейлерлер мен жартылай тіркемелер шығару көлемі 53,6%, өзге көлік құралдары - 87,1%, электр жабдықтары - 3%, машиналар мен қондырғылар өндірісі 4,3% өсті» - ресми мәлімет осылай дейді. Даму мен өсудің бары анық байқалады.
Осы орайда кеудені мақтаныш керней отырып Қазақстан автоөнеркәсібінің тарихымен таныса кетсек.
Отандық автомобиль өнеркәсібінің тарихы 2003 жылы алғашқы «НИВА» автокөлігі шығарылған кезден басталады. Шығарылатын өнім желісін тек ВАЗ маркасының автомобильдері құрады. Бірақ, бұл уақытта еліміздің автомобиль нарығының негізгі бөлігі импортқа тиесілі еді.
2005 жылы Қазақстанға келген алғашқы ірі өндіруші КамАЗ болды. Содан кейін Daewoo, Hyundai, IVECO, ANKAI және басқа да маркалар өз өндірістерін ашты.
2010 жылы моторлы көлік құралдарын өнеркәсіптік құрастыру туралы алғашқы келісімдерге қол қоюы – кәсіпорындардың дамуының негізгі кезеңі ретінде тарихқа енді. Дегенмен, бұл келісімдердің тиімділігі аз болды, өйткені, отандық автомобильдердің саудасы бірден қызып кете қоймады. 2016 жылдың өзінде өзімізде құрастырылған автокөліктердің сатылымдық үлесі 26%-ды ғана құраған болатын.
Әлбетте, мұндай сәттерде ешқандай қиындыққа, тоқырауға қарамай алға ұмтылу маңызды. Ынталандырудың жаңа әдістері ойластырылып, Үкімет қосылған құн салығы (ҚҚС) бойынша преференциялар, кәдеге жарату алымын енгізу, жеңілдікпен несие беру және лизинг бағдарламасын әзірлеу, өнім экспортын қолдау секілді шараларын қабылдады. Өнеркәсіптік кооперация бағдарламасы іске қосылды. Саланы дамытуға ірі трансұлттық инвесторлар тартылды. Соның нәтижесінде, қысқа мерзім ішінде ондаған мың жұмыс орны бар тұтас автоөндіріс саласы құрылды.
Бүгінгі таңда машина жасау-өңдеу өнеркәсіптің қарқынды дамып келе жатқан салаларының бірі. Қазіргі таңда Қазақстанда автокөлік құралдарының барлық санаттарының өндірісі қолға алынған. Елімізде алты автозауыт 9 әлемдік брендтің 167 автомобиль моделін құрастырады. Жеңіл санаттағы көліктерді – Қостанайдағы «Сарыарқа автопром» АҚ, Өскемендегі «Азия-авто» АҚ пен «Астана моторс» құрамына кіретін Қостанайдағы автоқұрастыру зауыты құрастырады. Соңғы жылдары көшелерде жүйіткіген жеңіл көліктің көпшілігі «Made in Kazakhstan». Атап айтқанда, KIA, Chevrolet, Skoda, Lada, сондай-ақ, SsangYong компанияларының түрлі брендтегі көліктері. Алайда көпшілік оны біле бермеуі мүмкін.
Қазақстандағы ең ірі компаниялардың бірі— «Азия-авто» KIA-ның 9 түрін құрастырады. Оның ішінде Picanto, Cerato, Cadenza, Optima, Stinger, Rio, Soul,Sorento,Sportаge секілді үлгілері бар. Соңғы үшеуі джип санатты.
«Азия-авто» Chevrolet-тің Captiva, Aveo («седан», «хэтчбек» кузовтары), Tracker-ді, Сарыарқа автопром Niva-ны құрастырады. Бағасы мен деңгейі орташа болғандықтан халық арасында сұранысқа ие.
Skoda Қазақстанда 1998 жылдан бастап сатыла бастады. Ал оны елімізде құрастыруға 2006 жылдың шілдесінде рұқсат берілді. Ал 2008 жылдың тамызында алғашқы Шкодалар зауыттан шыға бастады. Бұл көлік моделінің Қазақстанда төрт түрі — Octavia, Rаpid, Superb, Kodiaq құрастырылады.
«Азия-автоға» тиеселі тағы бір марка – Lada. Қазақстандықтардың көпшілігі авто сөзін Camry-ден кейін осы Lada-мен байланыстырады десек қателеспейміз. Қазақстандағы автокөліктер астанасы Өскемен қаласындағы зауытта жасалады. Мұнда Granta, Kalina, Largus, Vesta, Xray жалпы 7 түрі шығарылады. Бағасы қалта көтерерлік болған соң соңғы 5 жылда Қазақстанда сатылым жағынан көш бастап келеді.
Hyundai –Оңтүстік Кореялық бұл көліктер Қазақстанда 2003 жылдан бері бар. Отандық «Астана моторс» құрамына кіретін автоқұрастыру зауыты үш түрін – Hyundai i30, Hyundai Elantra, Hyundai Tucson құрастырады. Ал «СарыаркаАвтоПром» АҚ Elantra, i30, Tucson, Genesis, Grandeur, Santa Fe, Sonata шығарады. Жапон, неміс көліктеріндей тым комфорт болмаса да, бағасы мен дизайны, жайлылығы жағынан халыққа ұнайтыны байқалады.
Қостанайлық «СарыарқаАвтоПром» зауытында 2015 жылдан бастап жеңіл және джип түріндегі JAC -тың S3, S5, iEV7s, Т6 құрастырылады. Қазақстанда жасалатын JAC S3 көлігімен «СарыарқаАвтоПром» 2018 жылдың жазында «Халық үшін ең үздік тауар» байқауының «Қазақстанның үздік тауары» номинациясын жеңіп алды. Айта кетейік iEV7s электрмен жүреді. Осы ретте Қазақстанда тоқпен жүретін көлік те құрастырылатынын мақтанышпен айтуға болады.
Қостанай облысындағы зауытта құрастырылатын келесі еуропалық көліктің бірі – Рeugeot. Пижо халық арасында немістің көліктері секілді танымал болмаса да, зауытта шығатын алдыңғы қатарлы көліктерінің бірі.
Бұл танымал брендтерден бөлек, қазақстандық зауыттарда Daewoo автобустары, Foton, Iveco секілді ауыр жүк көліктері де құрастырылады.
Қазіргі таңда елімізде сатылатын автомобильдердің 60%-ы Қазақстанда шығарылған.
Бұл көрсеткіштерге қарап қазақстандық автоөндірістің қарқынды дамып келе жатқанын байқауға болады.
Дайындаған: Бауыржан ЕРМАН,
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:
Қандай ТҮСті көліктер АПАТҚА жиі ҰШЫРАЙДЫ?