Салоннан көлік сатып аларда жақсы жеңілдікке ие болудың жолдарын білесіз бе?
Автокөлік базарларында сатушы мен алушы арасында «қиян-кескі шайқас», яғни, қызу саудаласу болады. Бұл – қалың жұртшылыққа қалыпты қабылданатын нәрсе.
Ал, көлік салонына барып су жаңасын аларда ауызға құм құйылатыны бар. Салон қызметкері қандай баға айтса да, қарсылық жоқ. Өйткені, ондай сән-салтанатты жерге қызметкермен «тиын-тебен үшін тартысуды», яғни саудаласуды лайық көрмейміз. Тек, қалтаға қарап шамалау қалады. Солай ғой?
Шын мәнінде, салондағы сауданың құпия сырларын білсеңіз, жақсы жеңілдік алуға болады. Ендеше, танысайық.
Қалаған көлігіңіз туралы бәрін біліңіз
Ойыңыздағы көліктер туралы ғаламтордан ақпарат іздеп, олардың артықшылықтары мен кемшіліктері, басқа да сипаттамалары, бағасы туралы біліп алыңыз. Сіздің көлік жайлы жақсы білетініңізді байқаған сатушы тек шынайы ақпарат беруге тырысады. Сондай-ақ, сіз оған жалтақтамай, керісінше, сауатыңыз бен біліміңіз салон қызметкерінің мысын басып тұрады.
Бір дилермен шектелмеңіз
Қаражат үнемдеудің ең тиімді жолдарының бірі – бірнеше сатушының ұсыныстарын салыстырып қарау. Бұл – қандай тауар не қызмет салып алуда болмасын, сауданың бұлжымас заңы. Көлік аларда да осы заңға жүгініңіз. Алдыңыздағы дилерден бірнеше сатушының ұсынысын қарастырып жатқаныңызды, тіпті, кейбіреуінің бағасы төменірек болып тұрғанын да жасырмаңыз. Тек мұны сауатты жеткізе білсеңіз болғаны. Сонда келіп тұрған клиентті ұстап қалу үшін барынша тырысып, тиімді ұсыныстар қарастыратын болады.
Сондай-ақ, салоннан көлік сатып алған жағдайда қанша мөлшерде жеңілдік жасайтынын, қандай сыйлық барын да сұрауға қысылмаңыз. Әдетте, мұндай ірі сауда желілері автокөлікке қосымша ретінде тегін дөңгелек, отырғыш қаптары, техникалық қызмет секілділерді ұсынып жатады.
Алдыңғы жылдардағы автолар
Биылғыға қарағанда, өткен жылдарда әкелінген автолардың бағасын түсіру оңайырақ. Көбіне, 2019 жылы әкелінген көлік пен 2020-да келгенінің арасында аса бір айырмашылық жоқ болуы да мүмкін. Бірдей комплектация, бірдей үлгі. Бірақ, алдыңғысы алынған кезде доллар бағасы төменірек болғандықтан, теңгеге шаққандағы құны да төмен болған. Соған сәйкес, сатылу бағасынан да біршама жеңілдік жасауға мүмкіндік болады.
Тағы бір әдіс – дәл қазір қолда бар көлікті таңдап тұрып, біраз уақыттан соң ақшаңыздың аздығын сылтау етіп, енді келетін көлікке алдын-ала тапсырыс беріп қою. Мұндай жағдайда дилерлер көбіне қолда бар көлікті сатып жіберуге тырысады. Ол үшін, әлбетте, тиімді жеңілдік ұсынады.
Бейілділік бағдарламасын пайдаланыңыз
Ірі сауда желілері ұсынатын тағы бір қызмет – бейілділік бағдарламасы. Бұл – осыған дейін сауда-саттық жасап, тұрақты клиентке айналған сатып алушылар үшін арнайы жеңілдіктер топтамасы. Осы бағдарламаға ілігу мүмкіндігі болса, жібермеңіз.
«Психологиялық үзіліс» әдісі
Қандай көлік, қай жерден алатыныңызды анықтап, соңғы шешім қабылдадыңыз ба? Дилерге «Аламын» деп айтуға асықпаңыз. Соңғы нақты бағасын біліп, содан соң «Ойланайын» деп қоштасыңыз. Бірнеше күннен соң салон қызметкері өзі хабарласатынына күмәніңіз болмасын. Ол сізді салонға қайта келтіріп, құжат рәсімдеуге шешім қабылдату үшін тағы да жеңілдік, басқа да бонустар ұсынып, барын салады.
Автосалонға ай соңында барыңыз
Көбіне, салондағы сатушыларға айлық жоспар беріліп, соны толтыру талап етіледі. Айдың басында босаңсып жүргенімен, соңына қарай тыпыршып, жоспарды толтыруға не асыра орындауға асығады. Себебі, олардың еңбекақысы сонымен тығыз байланысты болуы әбден мүмкін. Осыған орай, ай соңында келген клиенттерді ұстап қалуға барынша тырысады. Егер ол сіз болсаңыз, сапалы сервистен, жақсы жеңілдіктен, тиімді ұсыныстан үміттене беріңіз. Ал, автокөлік сатып алуға жыл соңында барсаңыз, тіптен, айыңыз оңыңыздан туып, сәтті саудаға кенелуіңіз мүмкін.
Сонымен, автосалоннан тиімді жеңілдік алудың қысқаша схемасы мынадай:
- Қандай көлік қалайтыныңызды алдын-ала анықтап, оның сипаттамаларымен өз бетіңізше танысу;
- Сатып алуға шешім қабылдау алдында біршама уақыт үзіліс жасап, жақсылап ойлану, дилердің тиімді ұсынысын, жеңілдік мерзімін күту.
- Ресми дилерлердің тізімін жасап, олардың бәрінің бағасымен танысу;
- Барлық сатушылардан қанша пайыз жеңілдік жасай алатынын сұрап шығу;
- Дилерге салоннан көлік сатып алудағы алғашқы тәжірибеңіз емес екенін ұқтыру.
Осындай әдіс-тәсілдерді қолдану арқылы миллиондаған қаражат тұратын көлік бағасының аз бөлігін болса да қалтаңызда қалдыра аласыз.
Дайындаған: Бауыржан ЕРМАН,
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: