Қыстағы ҚҰНАРЛЫ АС: ҮШ ТҮРЛІ РЕЦЕПТ

0
6 142

ҚЫСТЫҢ КҮНДЕРІ ЕРЕКШЕ ТАҒАМ ӘЗІРЛЕГІҢІЗ КЕЛЕ МЕ?


Қыстағы ҚҰНАРЛЫ АС: ҮШ ТҮРЛІ РЕЦЕПТ

Қыста суық ауа райы энергияны алып қоятындықтан қарнымыз тез ашып, жиі-жиі тамақтануға тура келеді. Дегенмен құнарлы тамақтанатын болсаңыз, иммунитетіңіз көтеріліп, әлсіремейсіз.


Ораманың ерекше түрі


Қажетті өнімдер:

  • 1 кг қой еті
  • 2 дана пияз
  • Дәміне қарай тұз, бұрыш
  • Су, ұн қосылады
  • 1 дана жұмыртқа
  • Өсімдік майы
  • Ақжелкен, күнзе, аскөк, көк пияз
  • 300 мл кефир
  • Тәтті паприка

Дайындалу тәсілі:

  1. Алдымен тұздығын дайындап алайық. Ол үшін пиязды текшелеп турап, өсімдік майына қуырамыз. Осы қуырмаға 1 ас қасық ұн салып, қуырып, су мен кефирді құямыз. Тұз салуды ұмытпаймыз. Аскөкті майдалап турап тұздыққа қосамыз да 1-2 минут бұқтырамыз.
  2. Пияз бен қой етін ірілеп турап, еттартқыштан өткіземіз. Фаршқа тұз, бұрыш, азырақ су қосып, араластыру керек.
  3. Табаққа 180 мл су, 1 дана жұмыртқа мен тұз салып, араластырамыз. Содан соң 400 гр. ұн қосып, қамыр илейміз. Июі қанған соң қамырды төртбұрышты қалыпта жайып, арасына фаршты саламыз да ораймыз.
  4. Оралған қамырды енді сол қалпында кесіп шығамыз. Сонда суреттегізей әдемі «ағаштың діңіне» ұқсас қамырлар шығады.
  5. Табаға тұздықтан азырақ құйып, қамырларды жайғастырамыз да, қалған тұздықтың барлығын құю керек. Табаның қақпағын жауып, 20 минуттай бұқтырамыз. Сонда дәмді тағамымыз да дайын болады. Тамақты ұсынарда әрбір ыдыстағы тағамның бетіне тәтті паприканы себелейміз.


Қырыққабат пен қой етінен дайындалған бұқтырма


Қажетті өнімдер:

  • 700 гр. қой еті
  • 200 гр. құйрық май
  • Зире
  • Ұнтақталған кориандр
  • 400 гр. қырыққабат
  • 2 дана болгар бұрышы
  • 1 стақан күріш
  • Дәміне қарай тұз қосылады.

Дайындалу тәсілі:

  1. Пешке салып пісіруге арналған табақтың түбіне құйрықтың жартысын салып, оның бетіне ірілеп туралған қырыққабатты жайып саламыз.
  2. Оның бетіне күрішті, қырыққабаттың қалғанын және туралған болгар бұрышын салу керек.
  3. Осыдан соң туралған қой етін саламыз. Еттің бетіне зирені, кориандр мен тұзды себелеп, құйрықтың қалғанын саламыз.
  4. Табақтың қақпағын жауып, пешке салып, 2,5 сағаттай пісіреміз. Сонда тағамымыз да дайын болады.


Бұқтырылған жылқы еті


Қажетті өнімдер:

  • 800 гр. жылқы еті
  • 1 ас қасық аджика
  • 3 тіс сарымсақ
  • 2 дана пияз
  • 2 дана сәбіз
  • 1 дана болгар бұрышы
  • 300 мл сорпа
  • 1 ас қасық үккіштен өткізілген қызанақ
  • 1 ас қасық үккіштен өткізілген хрен
  • Ірі қара бұрыш
  • Ұнтақталған қара бұрыш, тұз, 1 шай қасық қант
  • Көк пияз, аскөк, ақжелкен
  • Қуыру үшін өсімдік майы қажет.

Дайындалу тәсілі:

  1. Етті ірілеп әрі ұзыншалап турап алыңыз. Тұз, аджика, майдалап туралған сарымсақты жағып, 20 минутқа қалдырамыз.
  2. Пияз бен сәбізді, болгар бұрышын да ұзыншалап турайсыз. Сосын пешке салып, азырақ пісіруге немесе майсыз табаға құрғақтай қуыруға болады. Сосын бөлек ыдысқа салыңыз. Ал, етті қатты жанып тұрған отқа қойып, қуыру керек. Қуырылған соң сорпаны құйып, 1,5 сағаттай бұқтырасыз. Пісуіне 15 минуттай уақыт қалғанда көкөністерді салып, ірі қара бұрышты, хрен мен қантты саласыз. Барлығын араластырып, бұқтыру керек. Соңында аскөкті қосып, дастарханға ұсына бересіз. Мұндай етті піскен картоппен ұсынған дұрыс.

Дайындаған: Құрманкүл Өмірзаққызы,

ERNUR.KZ


ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:


Өте дәмді: МАНТЫны бұқпапеште ПІСІРІП көріңіз


ЖАҢА ЖЫЛ: Келе жатқан СИЫР жылында ДАСТАРХАНҒА не қою керек?


Өкпені суықтан қорғайтын шырындар