​Ең ерекше салаттар

0
63 495

Жақын күндері қонақ шақыруды жоспарлап, салаттар мәзірін таппай жүрген болсаңыз, түрлі салаттар рецептерін ұсынамыз. Жазып алыңыз!


​Ең ерекше салаттар

фото: puzzleit.ru

Қонақ шақырарда әрбір үйбикесі дастарханын жайнатып, барлық тағамдарды дәмді етіп әзірлегенді қалайды. Оның ішінде салатқа ерекше мән береді. Өйткені қызыл-жасыл, сары түсті көкөністерден дайындалатын салаттар дастарханның сәнін келтіріп, хош иісімен келген қонақтарды баурай түсетіні сөзсіз. Жақын күндері қонақ шақыруды жоспарлап, салаттар мәзірін таппай жүрген болсаңыз, түрлі салаттар рецептерін ұсынамыз. Жазып алыңыз!

Тез дайындалатын «Патша» салаты

фото: kushat.net

Қажетті өнімдер:

  • 4 дана жұмыртқа
  • 240 гр. краб таяқшалары
  • 300 гр. қатты сыр
  • 100 гр. кептірілген нан
  • 2-3 тіс сарымсақ
  • жарты дана лимон
  • майонез


Дайындалуы: Алдымен краб таяқшаларын текшелеп тураймыз. Сосын жұмыртқаны қайнатып, оны да текшелеп турау қажет. Ал, қатты сырды ірі үккіштен өткізесіз. Сарымсақты аршып, майдалап тураңыз немесе арнайы құралмен майдалаңыз.

Барлық керектілерді табаққа салып, майонез, кептірілген нан мен лимон шырынын құясыз да, барлығын жақсылап араластырасыз. Жақсылап араластырғаннан кейін салат та дайын болады.

Тауық етінен «ашқарақ» салаты

фото: chef.tm

Қажетті өнімдер:

  • 400 гр. тауық еті
  • 1-2 дана сәбіз
  • 1-2 дана пияз
  • 2-4 дана маринадталған қияр
  • 2-4 тіс сарымсақ
  • Қуыру үшін өсімдік майы қажет
  • Дәміне қарай тұз, бұрыш
  • 2-3 ас қасық майонез


Дайындалуы:

Тауық етін тазалап жуып алыңыз. Сосын қазанға су құйып, етті саласыз да, қайнатасыз. 20 минуттай қайнату жеткілікті.

  • Пиязды аршып, жуыңыз да майдалап тураңыз.
  • Сәбізді де аршып, майда үккіштен өткізіңіз немесе ұзыншалап әрі жіңішкелеп турап шығыңыз.
  • Тауық етін сүйегінен ажыратып, орташа көлемде турайсыз. Егер ет тым жұмсақ болып піскен болса қолмен үзіп шығуға да болады.
  • Осыдан соң табаға азырақ өсімдік майын құйып, сәбізді қуырып алыңыз. Артынша пиязды салып, оны бөлек қуырыңыз. Содан соң сәбізді де, пиязды да суытып қою керек.
  • Сарымсақтыаршып, майдалап тураңыз.
  • Ал, маринадталған қиярды ұзыншалап әрі жіңішке етіп турайсыз.
  • Соңында барлық қоспаларды табаққа салып, майонез қосасыз да араластырасыз.

Ананастан күтірлек салат

Қажетті өнімдер:

  • 300 гр. тауық еті
  • 200 гр. консервіленген ананас
  • 200 гр. қатты сыр
  • 100 гр. ақ нан
  • 40 мл өсімдік майы

Дайындалуы:

Тауық етін ірілеп турап алу керек.

Табаға май құйып, қыздырып, етті қуырады. Етті қызарғанша қуырып, тәрелкеге салып алыңыз. Сосын табаға текшелеп туралған нанды салыпқызарғанша қуырыңыз.

Консервіленген ананасты да текшелеп турау керек.

Сырды ірі үккіштен өткіземіз.

Қуырылған етті, ананас пен сыр, кептірілген нанды табаққа салып араластырамыз.

Тұздық ретінде майонез қосуға болады.

Дайындаған: Құрманкүл Өмірзаққызы.

ERNUR.KZ